16 жастағы қыз баланы зорлаған екі ер адамға дүре соғу жазасы кесілді.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Сингапур соты екі ер адамды қоғамдық дәретханада кәмелетке толмаған қыз баланы зорлады деп айыптап, оларға дүре соғу жазасы кесіліп, артынша ұзақ жылдарға сотталып кетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Холод» журналының мәліметінше, қылмыс 2022 жылдың 27 наурызында болған.
22 жастағы Мухаммад Исналли Давид 12,5 жылға бас бостандығынан айырылып, қосымша ротан таяғымен 12 дүре соғылды. Оның сыбайласы 23 жастағы Мухаммад Әл-Амин Селамат 10,5 жылға бас бостандығынан айырылды және 12 дүре соғу жазасы кесілді. Екеуі де өз кінәсін мойындады. Үшінші күдікті 27 жастағы Раден Зулхусни Зулкифриге де айып тағылуы мүмкін.
Тергеу мәліметінше, Дэвид қызбен ортақ досы арқылы танысқан. Топ сол күні алкогольдік ішімдік ішкен және 16 жастағы қыз бала қатты мас болып қалған.
Дэвид оны зорлау үшін дәретханаға алып барған. Кейін оған өзге сыбайластары да қосылған. Ал олардың бірі дәретханадағы оқиғаны видеоға түсіріп алған.
Келесі күні қыз бала болған жағдайды ағасы мен құрбысына айтып береді. Көп ұзамай қыз баланың ағасы зорлық жасаған Дэвидті соққыға жыққан, алайда ол өз кінәсін сол қалпы мойындаған жоқ.
Сот отырысында зорланған қыз бала бұл оқиға оның отбасымен қарым-қатынасын бұзып, ер адамдарға деген сеніміне күмән келтіргенін айтты. Ал туыстары болған оқиғаға қызды кінәлаған.
Сингапурда зорлау, ұрлық және тонау сияқты ауыр қылмыстар үшін 50 жасқа толмаған ер адамдарға дүре соғу түрінде жаза тағайындалады.