Лукашенко тағы да қолына автомат ұстап шықты

0
850

Беларусь президентінің қолында АКС-74У қысқа автоматы екені болжанды.


Лукашенко тағы да қолына автомат ұстап шықты

ERNUR.KZ. Беларусь басшысы Александр Лукашенконың баспасөз хатшысы РИА Новостидің президент қазір қайда деген сұрағына жауап ретінде оның суретін көрсетті, деп жазады Tengrinews.kz.

Агенттік жариялаған суретте Лукашенко тағы да Тәуелсіздік сарайының алдында үстіне оқ өтпейтін кеудеше киіп, қолына автомат ұстап тұр. Беларусь президентінің қолында АКС-74У қысқа автоматы сыңайлы. Қару моделі қандай екенін атыс қаруы саласындағы ресейлік сарапшы Максим Попенкер болжады.

Попенкердің айтуынша, автоматтың бұл түрі посткеңестік кеңістікте өте кең таралған. Онымен өзін-өзі қорғау үшін әскери машиналар мен тікұшақтардың экипаждары қаруланған. Сонымен қатар, автомат арнайы күштерде жақын ұрыс қаруы ретінде қолданылады. Сарапшы КСРО ыдырағаннан кейін бұл қарумен милиция қамтамасыз етілгенін айтты, өйткені ол толық өлшемді автоматтарға қарағанда ықшам.



Еске салайық, 30 тамызда Минскіде "Бейбітшілік пен тәуелсіздік шеруі" наразылық акциясы басталды. Оның қатысушылары ел президентінің резиденциясы орналасқан Тәуелсіздік сарайына жақындады. Ғимарат күшейтілген ерекше мақсаттағы мобильді жасақпен және ішкі әскермен қоршалған.

Лукашенко мұның алдында да наразылық білдірушілердің алдына автомат ұстап шыққан. 23 тамызда Минскіде Беларусь президенті оқ өтпейтін кеудеше киіп тікұшақпен наразылық акциясын бақылап отырған видео жарияланған болатын.