Канада мен АҚШ-тың Аляска штатына дейін созылып жатқан Тинтина жарық сызығы ондаған миллион жыл бойы белсенді емес деп есептеліп келген еді.
ERNUR.KZ. Ғалымдар Канада шекасындағы бұрын "тыныш" деп саналған жарық сызығы жойқын жер сілкінісін тудыруы мүмкін екенін жариялады, деп жазады baq.kz.
Канада мен АҚШ-тың Аляска штатына дейін созылып жатқан Тинтина жарық сызығы ондаған миллион жыл бойы белсенді емес деп есептеліп келген еді. Алайда Geophysical Research Letters журналында осы айда жарияланған жаңа зерттеу бұл пікірді жоққа шығарды.
Ғалымдар спутник, ұшақ және дрон арқылы жиналған жаңа топографиялық мәліметтерді зерттей келе, шамамен 600 мильге (965 шақырымға) созылатын жарық сызығының 80 мильдік бөлігі бойында 2,6 миллион және 132 мың жыл бұрын пайда болған геологиялық қабаттардың ығысқанын анықтаған.
Бұл жарық бойында соңғы 12 мың жылда ірі жер сілкінісі болмағанын, бірақ 7,5 магнитудалық зілзала болу қаупі бар екенін көрсетеді.
Мәліметтерге сүйене отырып, соңғы 12 мың жылда жарық бойында 6 метрлік кернеу жиналғанын байқадық. Егер бұл бір сәтте босаса, ол айтарлықтай күшті зілзалаға алып келуі мүмкін, - дейді зерттеу авторы, Виктория университетінің докторантура түлегі Терон Финли.
Michigan Tech университетінің мәліметінше, 7–7,9 магнитудалық жер сілкіністері ірі деп саналады. Бұл өте сирек құбылыс, дегенмен жылына шамамен 10–15 рет тіркеледі. Ал 8 магнитудалық және одан жоғары сілкіністер жылына бір-екі рет қана болады және эпицентрге жақын орналасқан қауымдастықтарға жойқын әсер етуі мүмкін.
Сейсмологтар Тинтина жарығы Британ Колумбия, Альберта және Монтанаға дейін әсер етіп, сілкініс толқындарын таратуы мүмкін деп қауіптенеді.
Бұл Солтүстік Америкадағы ең аз зерттелген жарық жүйелерінің бірі. Оны мұқият зерттеу қажет, - дейді Аляска жер сілкіністері орталығының бас сейсмологы Майкл Уэст.
Еске сала кетейік, бұған дейін Камчатка жағалауында магнитудасы 8,7 болатын күшті жер сілкінісі тіркелгені хабарланған.