Трамп әлемнің ешбір жерінде жоқ ғимарат салуға пәрмен берді

0
98

АҚШ президенті Дональд Трамптың тапсырмасымен Вашингтонда салынғалы жатқан биіктігі 76 метрлік салтанатты қақпада әскери жабдықтар сақталып, мергендер мен дрондар орналастырылмақ.


Трамп әлемнің ешбір жерінде жоқ ғимарат салуға пәрмен берді

Фото: AP Photo / Alex Brandon

ERNUR.KZ. Жаңа нысан Потомак өзенінің жағасында, Линкольн мемориалына қарама-қарсы әрі Арлингтон ұлттық зиратына жақын жерде бой көтереді, деп жазады inbusiness.kz.

"Әлемнің ешбір жерінде мұндай ғимарат болмайды", – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Ақ үй басшысы "59 ең ірі қала мен астананың" ішінде Вашингтонда ғана салтанатты арка жоқ екенін айтты. Бұл ретте ол қай шаһарларды меңзеп отырғанын нақтыламады. Трамп жексенбі күні таңертең жариялаған жазбада бұл жоспарды АҚШ қарулы күштерінің өтініші бойынша жаңартып жатқанын мәлім етті.

Оның айтуынша, жаңа нысан әскери кешенге айналады. Сондай-ақ шатырда да, алаңда да дрондар мен мергендерді орналастырып, оқ-дәрілердің қорын сақтауға болады. АҚШ президенті құрылыс жоспары мен мерзімі туралы ештеңе жазбады. Сонымен қатар құрылыс үшін қосымша рұқсат қажет пе, жоқ па – ол жағы да белгісіз.

Осы жылдың басында ұсынылған жоба бойынша ғимарат төбесінде Бостандық мүсініне ұқсас алтын қанатты мүсін, ал екі жағында екі алтын бүркіт орналасқан.

Трамп әкімшілігі құрылысты қараша айында бастағысы келеді. Бұл бастамаға ардагерлер, құқық қорғаушылар мен тарихи мұраны қорғаушылар қарсы. Олар алып ғимарат салынса, әскери зират көрінбей қалуы мүмкін деп алаңдайды. Бұл ретте Федералды судья жобаны тоқтата тұру орынды ма деген мәселені қарап жатыр.