Ол қоршаған ортаға қандай зиян тигізді?
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Benz Patent-Motorwagen («Бенцтің патенттелген автокөлігі») — ішкі жану жүйесі бар қозғалтқышпен жабдықталған әлемдегі алғашқы автомобиль. Оны 1885 жылы неміс өнертапқышы Карл Бенц жасаған. 1886 жылы 29 қаңтарда оған ресми түрде №37435 патент берілген. Бұл – адамзат тарихындағы ішкі жану жүйесі бар қозғалтқыш орнатылған алғашқы қолжетімді және сәтті көлік болып саналады.
Алғашқы көлік құралының қазіргі заманғы автомобильдермен көптеген ұқсастықтары бар: қозғалтқышы бензин тұтынады, электрлі оттығы бар, карбюратор, салқындату жүйесі, беріліс қорабы және тежегіш механизмімен жабдықталған. Алайда, Бенц автомобильдің қозғалыс бағытын реттеуді жүзеге асыру үшін қолайлы шешім жасай алмаған. Оны өзі де айтып: «Мен рөлге қатысты теориялық мәселені шеше алмағандықтан, үш доңғалақты көлік құруды шештім», — деген бір сөзінде. Десе де, 1893 жылға қарай неміс инженері бұл мәселені шешіп, дизайнның көптеген басқа элементтерін жетілдіре отырып, көлік құралының жаңа моделі — «Benz Victoria-ны» шығарады. Осы ретте, алғашқы автомобильді бірнеше тақырып бойынша таныстырып өтейік.
ӘЗІРЛЕУ
Карл Бенц өз ойындағы қозғалтқышы бар автокөлікті жасау ісін XIX ғасырдың 70-ші жылдарының соңында бастаған. Неміс инженері Николаус Отто жасаған құрылымды негізге алады. Сондай-ақ, Бенц жанармай ретінде бәсекелестері қолданатын қымбат алкогольді емес, бензинді қолдануға шешім қабылдайды. Жанғыш қоспаның тұтануы шоқ ұшқынының көмегімен жүзеге асырылды. Қуат көзі – кернеуді қажетті мәнге дейін арттыратын батарея болды. Қуат жүйесіне қарапайым бүріккіш карбюратор қолданылып, оның отыны цилиндрге ауырлық күшімен жіберілсе, дроссель жанғыш қоспаның берілуін реттейтін болған. Күндіз ол өз шеберханаларында жұмыс істесе, түнде үйінің жанындағы сарайда тәжірибе жасаған. Инженердің табандылығы мен ұмтылысы барлық қиындықтарды жеңуге мүмкіндік берген. 1882 жылы ол қозғалтқыштың жұмысына алғашқы сынақтарды жүргізген.
1885 жылы Бенц алғаш рет өзі жасаған қозғалтқышты доңғалақты шанаққа орнатты. Инженер кейбір бөлшектерді әйгілі велосипед өндірушісі Adler компаниясынан тікелей сатып алған. Бенц өз көлігінің барлық түйіндерін өзі жобалап, әзірледі және көптеген техникалық мәселелерді өзі шешті. Нәтижесінде бір алдыңғы басқарылатын дөңгелегі және екі артқы жетекті дөңгелегі бар велосипедке өте ұқсас көлік жасады. Инженер өзінің идеяларын біреу ұрлап кетуі мүмкін деп қорқып, өнертабысын жетілдіру бойынша ұзақ уақыт жұмыс істеген. Мәселен, ол өзінің алғашқы прототипін көшеде тек қараңғы уақытта және фабрикасына жақын жерде сынап көрген. Түні бойы көлігін зерттеп, оның технологиялық құрамдас бөліктері мен дизайнын мұқият өзгертті. Бенц көлік құралы патенттелген сәтті күтіп, содан кейін ғана көпшілікке ұсынуға болады деп шешкен.
Тиісінше, 1886 жылдың басында DRP-37435 «бензинмен жүретін көлік» патентін алып, көлігін ресми тіркейді. 1886 жылы 3 шілдеде неміс өнертапқышы Мангеймді қоршап тұрған ескі қорғаныс бекетін айналып өткен. Көлігімен қаланы аралап, жаяу жүргіншілердің назарын аудартқан. Сол кезде неміс газеттері Бенцтің үш доңғалақты өнертабысын Мангеймде көпшілікке көрсеткені жайлы жазған.
Ал, 1887 жылы инженер көліктің №2 моделін құра отырып, техникалық өзгерістер енгізді. 1888 жылы ресми сатылымдар басталса, 1889 жылы Париждегі дүниежүзілік көрмеде ұсынылған №3 моделі құрастырылды.
Неміс инженерінің жаңа өнертабысы бастапқыда көпшіліктің қызығушылығын тудыра қоймады. Себебі, көлік қозғалтқышының шуы жануарларды үркітіп, жергілікті тұрғындардың мазасын алған. Дегенмен, уақыт өте келе автомобиль әуесқойлары модельге қызығушылық таныта бастаған. Осылайша, «Benz Patent-Motorwagen» Францияда ең үлкен жетістікке жетіп, 1890 жылдары маркетинг пен спорттың арқасында Еуропаның автомобиль қауымдастығы үшін трендке айналды.
1893 жылы Карл Бенц төрт дөңгелегі бар көліктің жаңа нұсқасын шығарып, оны «Benz Victoria» деп атады. Өндіріс барысында 1886 жылдан 1893 жылға дейін барлығы 25 «Benz Patent-Motorwagen» автокөлігі жасалған.
ҚАЗІР
1906 жылы Карл Бенц өзінің өнертабысының 20 жылдығына орай «Benz Patent-Motorwagen» көлігін Германияның Мюнхен қаласындағы мұражайға тапсырды. Қазіргі уақытта ол осы мұражайдың көлік орталығындағы шыны витринада тұр.
Ал, 1936 жылы 50 жылдық мерейтойына орай Бенц көлігінің үш данасы жасалып, олар Mercedes-Benz мұражайына, Венадағы техникалық мұражайға және Дрездендегі көлік мұражайына жол тартты. 1939 және 1961 жылдары Германияда алғашқы автомобиль бейнеленген пошта маркалары шығарылды. 2003-2004 жылдар аралығында көлік құралының тағы 150 көшірмесі жиналды.
№3 модельдің репродукциясын Ұлыбританиядағы Лондон ғылым мұражайынан да табуға болады.
«Los Angeles Times» атты танымал американдық басылымының мәліметі бойынша, Бенцтің алғашқы прототипінің құны 1886 жылы 600 алтын неміс маркасына бағаланған.
ФОРЦХАЙМҒА САЯХАТ
1888 жылы тамызда Карл Бенцтің әйелі Берта Бенц балалары Евген және Ричардпен бірге үшінші көлікке мініп, шамамен 104 шақырым қашық жерге Мангеймнен Форцхаймға дейін саяхат жасаған. Бірақ, мұны өнертапқыш білмеген екен. Бір ерекшелігі – бұл аталған көліктің тарихи сапары болған. Себебі, бұл көліктер ол кезге дейін мұндай қашықтықты бағындырмаған.
Сапардың негізгі мақсаты – Берта Бенцтің анасына баруы болған. Екінші себебі – Берта Бенц күйеуі жасаған көліктің құнын арттырып, жансақ пікір айтушылардың аузын осылай жаппақ болған.
Бұл сапар кезінде саяхатшылар түрлі қиындықтарға тап болғанымен, Берта олардан шығудың жолын тапқан. Мәселен, олар жолда асуға келген кезде жолушы мінген көлік биік жерге шыға алмаған. Сонда Берта рөлге баласын отырғызып, екінші ұлымен бірге көлікті итеруге мәжбүр болған. Одан бөлек, кейбір бөлшектері бұзылып, оларды амалдап жөндеген. Сөйтіп, Берта Карлға кешкісін діттеген жерге жеткені туралы телеграф жіберген. Бертаның саяхаты Карл Бенцке көліктің кемшіліктерін анықтауға және жоюға көмектескен. Осылайша, Берта Бенц күйеуінің көлігін жарнамалап қана қоймай, ішкі жану қозғалтқышымен жабдықталған көлік құралын өз бетінше басқарған алғашқы әйел атанды.
Ал, 2008 жылы 25 ақпанда Берта Бенц жүіп өткен мемориалды трасса ресми түрде туристік нысан мәртебесіне ие болды. Бұл неміс индустриасы тарихының ескерткіші болып саналады.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Шетелдік көліктерді ТІРКЕУ МЕРЗІМІ ҰЗАРА МА?