КӨЛІКТЕН не үшін БЕНЗИННІҢ ИІСІ шығады?

0
5 479

Мұндай жағдайда не істеген дұрыс?


КӨЛІКТЕН не үшін БЕНЗИННІҢ ИІСІ шығады?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көлікті оталдырған кезде мұрынға бензиннің иісі келсе не істеу керек? Бұл кейбір автокөлік жүргізушілері елемейтін сұрақтардың бірі, алайда жанармайдың ағуы әдетте өртке соқтыратырын ұмытып кетпеген жөн. Сондықтан, салондағы жағымсыз жанармай иісі ыңғайсыздық тудырмаса да, мәселені тез арада шешіп алуыңыз керек. Әйтпесе сіз көлікті ғана емес, денсаулықты да, тіпті өміріңізді де жоғалтуыңыз мүмкін. Осы орайда жанармайдың ағып кетуінің негізгі себептерін қарастырып, оларды жою әдістеріне назар аударып отырмыз. Олардың кейбіреулерін тәжірибесіз жүргізушілер де жасай алады.


НЕЛІКТЕН КӨЛІКТЕ БЕНЗИН ИІСІ БОЛУЫ МҮМКІН?

Мұны түсінбес бұрын, сыртқы себептерді де ойланып көрген абзал. Өйткені мәселе әрқашан көліктің дұрыс жұмыс істемеуінен туындамайды. Иістің көзі қарапайым жағдайлар болуы мүмкін:

  • Бензинге малынған заттар. Егер матаға жанармай төгілсе, иісті тазарту және кетіру үшін сабын ерітіндісі немесе дымқыл майлық жеткіліксіз. Сондай-ақ, бұл интерьердің қаптамасы, кілемшелер және басқа да бөлшектердің ластануына байланысты. Сонымен қатар, егер сіз көлікке жанармайды өзіңіз құйған болсаңыз, иіс көзі қол немесе киім болуы мүмкін. Мұндай жағдайда, қол немесе киімді бірден тазалау қажет. Әйтпесе тіпті болмашы ұшқынның өзі өртке соқтыруы мүмкін.
  • Ағып жатқан канистр. Магистральдағы жанармайдан пайда болатын әлсіз иіс жүргізушілер үшін қалыпты жағдай. Яғни, жанармай багының аузы дұрыс жабылмаған болса да, бензин иісі шығады.
  • Бұзылған ауа ағыны. Жоғары жылдамдықпен жүріп бара жатқанда ауа ағындарын желдеті жүйесіне, ашық терезелерге және люкке жіберетін бұрылыстар пайда болады. Мұндай құбылыс 99 % жағдайда уақытша.
  • Басқа көліктерден шығатын иіс. Көше көлікке толы болған кезде көлік салонына басқа көліктерден шығатын иіс те жиі өтеді. Ол ішке тығыздағыштардағы саңылаулар, ашық терезе және басқа да жолдармен енеді. Бір қызығы – мұндай жағдайда иіс салонға сіңіп қалмайды. Демек, тазалау қажет болмайды.

Егер жоғарыда аталған барлық нұсқалар орын алған жағдайға сәйкес келмей, бензин иісі әлі де шығып тұрса көлік жабдықтарын тексеру керек.


АВТОКӨЛІКТЕГІ БЕНЗИН ИІСІНІҢ НЕГІЗГІ КӨЗДЕРІ

Жанармай жүйесінің ең әлсіз жерлері – құбырлар мен шлангтар, содан кейін тығыздағыштар. Диагноз қою кезінде осы элементтерге көңіл бөлу қажет. Яғни, мәселенің көзін табу процесін капот астындағы кеңістіктен бастаңыз. Тамшылардың, дымқыл дақтардың бар-жоғын мұқият тексеру ақаудың себептерін тез анықтауға көмектеседі. Енді қызмет көрсету орталықтарының шеберлері анықтайтын себептерге тоқталайық:

  • Отын жүйесіндегі резеңке элементтердің зақымдануы. Жанармай желілері мен резеңке элементтердің жарамдылық мерзімі бар. Оларды ауыстыру шарттары техникалық құжаттамада жазылады. Уақыт өте келе шлангтар мен басқа да серпімді бөлшектер икемділігін жоғалтады. Олардың бетіне химиялық реагенттердің түсуі құрылымның бұзылуын тездетуі мүмкін. Сондықтан барлық компоненттерді, соның ішінде резервуардан капот астындағы кеңістікке дейінгі магистральды мұқият тексеру маңызды.
  • Карбюратордың дұрыс жұмыс істемеуі. Карбюратор ауа-отын қоспасының құрамдас бөліктерінің пропорцияларын реттейді. Егер жанармай артық болса, ол толық жанбайды да, артығы қозғалтқыш бөлігіне түсіп, содан кейін салон кеңістігіне иіс түрінде енеді. Мәселенің айқын белгісі – пешті қосқан кезде жағдайдың нашарлауы.
  • Бензин сорғысының ақаулары. Әр түрлі жағдайларда проблемалар тығыздағыш элементтердің тозуына, жарықтар түріндегі мембрана ақауларына, техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу кезінде бұзылуларға байланысты туындауы мүмкін. Сондықтан жанармай фитингтерінің дұрыс жалғанғанын тексеру маңызды.
  • Резервуардың желдету жүйесінің ластануы. Жанармай багы желдету жүйесімен жабдықталған, ол ыдыста будың жиналуын болдырмайды, сондай-ақ атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайтады.
  • Жанармай багының зақымдануы. Жанармай багының деформациясы апат пен соққылар кезінде пайда болады. Жарықшақ кішкентай болуы мүмкін және уақыт өте келе үлкейеді. Ал ескі көліктерде ақаулар металдың коррозиясынан пайда болады. Зақымдалған элементті ауыстыру керек. Жөндеу жұмыстары көп жағдайда қысқа мерзімді әсер береді.
  • Отын бүріккіш тығыздағыштардың тозуы. Бензиннің капот астындағы кеңістікте ағуының жалпы себебі – отын инжекторларының тығыздағыш сақиналарының зақымдануы. Ағып кетуді тамшылар, иісі бар дымқыл дақтар арқылы оңай анықтауға болады. Ақаулықтарды жою бойынша сервис шеберлеріне сенген дұрыс.
  • Каталитикалық түрлендіргіштің бұзылу. Пайдаланылған газдарда бензиннің болуы жиі кездеседі. Одан құтылу үшін жүйеде артық отын жанатын катализатор қарастырылған. Ал ол тозған кезде жанармай буы жанбай, қоршаған кеңістікке енеді.
  • «Свечаны» дұрыс қатайтпау. «Свечалар» цилиндрлерге шығатын арнайы тесіктерге орнатылады. Егер олар әлсіз бұралса немесе зақымдалса, бензин толық жанбайды. Бұл жағдайда отынның бір бөлігі капот астындағы кеңістікке, содан кейін салонға енуі мүмкін.
  • Жанармай сүзгісі. Жанармай сүзгісі маңызды элемент. Өйткені ол бензинге ұсақ ластаушы заттардың түсуіне жол бермейді. Ол ластаушылар жанармай құю, техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу кезінде пайда болуы мүмкін. Егер сүзгі қатты ластанған болса, жүйеде қысым жоғарылайды да, бұл тығыздағыштардың беріктігін бұзуы мүмкін. Ақаудың белгісі – жанармай сорғысының қызуы.

Сондай-ақ жанармай жүйесіне қатысты кез келген жабдық иістің шығуына әсер ететінін ескеру керек. Сондықтан, біз айтқан себептер расталмаса, кешенді диагностика жүргізу қажет.


БЕНЗИН ИІСІН ЖОЮ ЖОЛДАРЫ

Егер көлік салонында бензин иісі болса, алдымен ақауды жойып, содан кейін иістің өзін жоюға кірісіңіз. Өкінішке қарай, бұл жанармайдың химиялық құрамына, белгілі бір материалдарды тазартудың күрделілігіне, олардың сұйықтықтарды сіңіру қабілетіне және жылдамдығына байланысты қиындауы мүмкін. Сол себепті ластану аймағына және сипатына байланысты жағымсыз иісті кетіру үшін көптеген әдістер қолданылады. Оларды төрт топқа бөлуге болады. Сонымен қатар, барлық әдістерді қолданған жөн емес. Әр нұсқаны толығырақ қарастырайық:

Химиялық тазалау

Интерьерге химиялық тазалау қолдану – жағымсыз иістерді жоюдың ең қымбат және тиімді әдісі. Бірақ кәсіби жұмыс шығындарды талап етеді, дегенмен оның нәтижесі сенімді ақтайды. Өңдеу материалдардың бастапқы түсін қайтарады, жұмсақ жабындарға қатысты құрылым мен пішінді қалпына келтіреді. Қаласаңыз, бөлек-бөлек тазалау жасай аласыз, бұл әлдеқайда арзан болады. Қалай болғанда да, мұны арнайы қызмет көрсету орталығында істету уақыт шығынын азайтады. Сонымен қатар кепілдендірілген нәтиже ұсынады.

Хош иістендіргіштер

Кез-келген химиялық иістермен күресте хош иістер ең әлсіз құрал болып саналады. Иә, олар жағымсыз иісті біраз уақытқа жоюға қабілетті, бірақ иісті бейтараптандырудың орнына оларды өзгертіп, жағдайды нашарлатуы мүмкін. Тіпті кейбір адамдарға аллергия беріп жатады.

Сіңіргіш заттар

Бұл санатқа автосервис шеберлері қолданатын арнайы препараттардан бастап тұрмыстық, қолдан жасалған құралдарға дейінгі материалдардың кең тізімі кіреді. Бұл тұрғыда автохимияның белгілі бір түрі ұсынылмайды. Шығын таңдауға, көлемге және өңделетін материалға байланысты. Қолдан жасалған немесе тұрмыстық өнімдердің ішіндегі ең қолжетімдісі — белсендірілген көмір, кофе немесе сода. Ұнтақ түріндегі материалдарды бензин сіңген жерге сеуіп, бірнеше күн күтесіз. Содан кейін құрғақ ұнтақты шаңсорғышпен тазалайсыз. Ең бастысы – тазаланатын аумаққа су тигізбеу.

Үйде жасалған ерітінді

Бұл әдіс көп ақша жұмсамағысы келмейтіндерге арналған. Сонымен қатар, өңделетін материалдар нәзік күтімді қажет етпеуі керек. Әйтпесе олар зақымдалып, түсі өзгеріп кетуі мүмкін. Үй жағдайында жылы су, ас содасы және ас сірке суының қоспасы негізіндегі ерітінді бензиннің иісін жақсы кетіреді. Компоненттерді тең пропорцияда араластыру керек. Сосын ерітіндіге жұмсақ матаны малып, бүлінген жерді сүртесіз. Терезе немесе есіктер ашық болса, сірке суының иісі бірнеше сағат ішінде кетеді.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


СӨМКЕ СИЯҚТЫ: Әлемдегі ЕҢ КІШКЕНТАЙ көліктермен таныс болыңыз


Әлемге әйгілі көліктердің атаулары ҚАНДАЙ МАҒЫНАНЫ БІЛДІРЕДІ?