Маңғыстау облысының креаторлары Астанадағы жәрмеңкеде 33 млн теңгеден астам өнімді сатты

0
91

Жәрмеңкеге Маңғыстау облысының креативті индустрия саласындағы 40 өкілі қатысып, өз өнімдерін көпшілікке таныстырды.


Маңғыстау облысының креаторлары Астанадағы жәрмеңкеде 33 млн теңгеден астам өнімді сатты

ERNUR.KZ. Астанада Creative Aimaq жобасы аясында Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылған «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» атты екі күндік жәрмеңке аяқталды. Іс-шара қорытындысында 33 млн 260 мың теңгенің өнімі сатылды, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Жәрмеңкеге Маңғыстау облысының креативті индустрия саласындағы 40 өкілі қатысып, өз өнімдерін көпшілікке таныстырды.

Өңірден келген қатысушылар елорда жұртшылығына сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, дизайнерлік топтамаларды, авторлық туындылар мен жергілікті өндірушілердің өнімдерін ұсынды. Көрмеге қойылған жұмыстар өңірдің мәдени мұрасы мен қолөнерінің ерекшеліктерін танытты. Шеберлердің еңбектерінде ұлттық дәстүр мен заманауи бағыт айрықша үйлесім тапқан.

Екі күн бойы көрме, сән көрсетілімдері, музыкалық-поэзиялық қойылымдар, концерттер мен тақырыптық шеберлік сабақтары өтті. Бағдарламада Маңғыстаудың дәстүрлі мәдениетін қазіргі шығармашылық бағыттармен сабақтастыруға мән берілді.

Жәрмеңкені 13 мың адам тамашалады. Іс-шара өңірлік брендтерді таныстырумен қатар, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, өнім өткізу нарығын кеңейтуге және отандық өндірушілердің әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді.

Creative Aimaq жобасы өңірлердегі креаторларды қолдауға, креативті индустрия саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға және Қазақстан өңірлерінің шығармашылық әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған.