Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық турниріне Қарағанды облысынан барған жас футболшылардың қай спорт мектептерінің атынан қатысқаны белгілі болды.
Коллаж: Kazinform
ERNUR.KZ. Өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қазір Өзбекстан астанасындағы ауруханада 28 адам, оның ішінде 16 бала ем қабылдап жатыр.
Турнирге Қарағанды облысынан барлығы 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған. Сапар шығындары жеке қаражат есебінен өтелген.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта Ташкент қаласындағы № 5 қалалық инфекциялық ауруханада 16 бала, бір жаттықтырушы және 11 ата-ана емделіп жатыр. Олардың барлығы G’ayrat Hoji ota hotel қонақүйінде тұрып, тамақтанған.
Бұған дейін жас футболшылардың ата-аналары әлеуметтік желілерде балалардың жаппай сырқаттанғаны туралы хабарлаған. Аналардың бірінің айтуынша, балалардың денсаулығы 30 қазанда таңғы астан кейін күрт нашарлаған.
Олардың дене қызуы көтеріліп, құсу және іш өту белгілері байқалған. Ата-аналар бұған қонақүйде берілген тағам себеп болуы мүмкін деп топшылаған.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі турнирге қатысушылардың ауруханаға түскенін растаған еді. Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар зардап шеккендердің жақындарымен және Өзбекстанның медициналық мекемелерімен тұрақты байланыста.


