ЖАҢА ЖЫЛ: Келе жатқан СИЫР жылында ДАСТАРХАНҒА не қою керек?

0
13 024

Бұл күні әрбір жанұя Жаңа жылдан үміт күтіп, жақсы ниетпен дастархан жаяды. 2021 жыл – Сиыр жылы.


ЖАҢА ЖЫЛ: Келе жатқан СИЫР жылында ДАСТАРХАНҒА не қою керек?

Сиыр молшылық пен ырыстың белгісі. Ал, осы жылды қарсы алу кешінде дастарханға қандай дәм қойған дұрыс?

Сиыр жылында дастарханға қандай тағамдарды қоймаған жөн?

Біріншіден, экзотикалық тағамдарды мүлде жасамағаныңыз, ондай жеміс-жидектер мен көкөністерді сатып та алмағаныңыз абзал. Себебі, Сиыр экзотикалық тағамдарды жемейді. Сонымен қатар, сиыр етінен де уақытша бас тартыңыз. Сиыр жылы болғандықтан да бұл жануарға құрметпен қарап, Жаңа жылды еттің басқа түрлерімен де қарсы алуға болады.

Алкогольді ішімдіктерді де дастарханға қоймаған дұрыс. Себебі сиыр у-шуды, айқайды ұнатпайды.

Жаңа 2021 жылдың дастарханын мына тағамдармен жайната аласыз!


Ет пен үрмебұршақ салаты


Қажетті өнімдер:

  • 200 гр. піскен ет
  • 150 гр. консервіленген үрмебұршақ
  • 1 дана жұмыртқа
  • 1 дана қияр
  • 1 дана картоп
  • 1 ас қасық цезарь тұздығы (соус)
  • Тұз, бұрыш, түрлі дәмдеуіштер.


Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен жұмыртқа мен картопты қайнатып аламыз.
  2. Картоп пен жұмыртқа піскенше үрмебұршақ салынған банканы ашып, суын төгеміз де, бұршақты салат салатын табаққа аударамыз.
  3. Содан соң текшелеп туралған картоп пен жұмыртқаны осы табаққа салыңыз. Осыдан кейін майдалап туралған қиярды да саламыз.
  4. Енді пеште піскен етті майдалап турап, салатқа қосамыз.
  5. Ең маңыздысы салаттың тұздығы. Ең алдымен цезарь тұздығын салып, басқа да дәмдеуіштерді, тұз бен бұрышты қосып, жақсылап араластырамыз. Өте дәмді әрі әдемі салат мерекелік дастарханыңыздың көркін ашары сөзсіз.


Балық пен картоп тағамы


Қажетті өнімдер:

  • 225 гр. балық
  • 250 гр. картоп
  • 40 гр. пияз
  • 20 гр. өсімдік майы
  • 5 гр. тұз
  • 1 гр. паприка
  • 15 гр. майонез
  • 2-3 гр. зире
  • 25 гр. қатты ірімшік
  • 30 гр. қызанақ

Дайындалу тәсілі:

  1. Балықты 3-4 бөлікке бөліп, дайындап аламыз. Сосын дәмдеуіштерді себелеп, тұз, бұрыш қосып, бір шетке қоя тұрамыз.
  2. Пияздың қабығын аршып, ірілеп тураймыз. Картоптың да қабығын аршып, өте жұқалап әрі дөңгелек қалыпта турау керек.
  3. Енді пісірмеге арналған форманы алып, майды құямыз да, пиязды жайып саламыз.
  4. Картопты бөлек табаққа салып, зире мен май қосып, араластырып, пияздың бетіне салу керек.
  5. Оның бетіне майонез жағып, балықты жайғастырамыз. Балықтың бетіне де майонез жағып жіберуге болады. Сөйтіп форманы 180 градусқа қыздырылған пешке салып, 30 минуттай ұстаймыз.
  6. Осы уақыт өткеннен кейін форманы пештен шығарып, балықтың бетіне үккіштен өткізілген ірімшікті себелеп, жұқалап туралған қызанақты қойып шығамыз. Форманы қайтадан пешке салып, тағы да 30 минутқа қалдырамыз.
  7. Дайын тағамды дастарханға ұсынарда, майдалап туралған аскөкпен әсемдеуді ұмытпаңыз.


Саңырауқұлақ пен пияз қосылған тағам

Қажетті өнімдер:

  • 400 гр. саңырауқұлақ (опята бочковые)
  • 1 дана пияз
  • 1 дана сәбіз
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш
  • 3 ас қасық өсімдік майы
  • 1 тіс сарымсақ
  • 4 тал аскөк.

Дайындалу тәсілі:

  1. Барлық көкөністерді тазалап алып, жуамыз. Содан соң тағамға қосылатын ең басты қоспа саңырауқұлақтарды дуршлагқа салып, тазалап жуып, таза емес жерлерін алып тастаймыз.
  2. Саңырауқұлақтарды табаққа салып, салқын су құямыз. Отқа қойып, 30 минуттай қайнату керек.
  3. Саңырауқұлақ қайнап жатқанда пияз бен сәбізді аршып, турай береміз. Пиязды жартылай дөңгелектеп, ал, сәбізді ұзыншалап турау керек. Өсімдік майы құйылған табаға пияз бен сәбізді салып қуырамыз.
  4. Суға салынған саңырауқұлақтарды дуршлагқа салып, суын сорғытып аламыз. Осыдан соң оны табаға салып, көкөністермен бірге қуырамыз. Табаның қақпағын жауып, 10-15 минут қуыру керек.
  5. Қуырмамыз дайын болайын дегенде тұз, бұрыш қосып, сарымсақты майдалап турап саламыз. Қақпағын жауып, тағы да 5 минут бұқтырамыз. Аскөкті де турап салып, дәл солай бұқтырып жіберсеңіз болады. Дайын тағамды тіскебасар ретінде ұсынған дұрыс.


Қарлыған қосылған МОХИТО


Қажетті өнімдер:

  • 300 гр. қарлыған (крыжовник)
  • 200 гр. қант
  • 2 тілім лимон
  • 4 тал жалбыз
  • 1,5 л су

Дайындалу тәсілі:

  1. 2 литрлік банка немесе арнайы ыдысты дайындал аламыз.
  2. Сосын қарлығанды табаққа салып жуып, тазартамыз. Артық жерлерін кесіп алып тастау керек.
  3. Банканы, қақпақтарды тазалап жуып, стерилдеп алған дұрыс. Осыдан соң банкаға қарлығанды салып, кесілген лимонды, жуылған жалбызды қосамыз. Сосын қайнаған суды толтырып құйып, қақпағын 10-15 минуттай жауып қою керек.
  4. Суын табаққа құйып алып, қант қосамыз да, отқа қойып бір қайнатып жібереміз. Содан соң осы суды қайтадан банкаға құямыз. Қақпаған тез-тез жауып, сыртынан жылы матамен орап қоямыз.
  5. Осылайша дайындалған мохитоны дастарханға ұсынарда мұз салып құйсаңыз болады. Ал, мерекелік көңі-күй сыйлау үшін стақанға лайм немесе лимон тілігін қыстырып қойсаңыз да артықтық етпейді.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Өкпені суықтан қорғайтын шырындар



Әлемге әйгілі 7 түрлі дәмдеуішті қалай жасайды


Қырыққабат ТҰЗДАУДЫ білесіз бе?