Ораза айының соңғы онкүндігінде мұсылмандар ерекше құлшылық жасап, Алладан кешірім сұрап, дұға-тілектерін білдіреді.
фото: ВКонтакте
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдар атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Алла Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы.
Рамазан айының Қадір түнінде қасиетті Құран түскен. Ал Қадір түні Рамазанның соңғы он күнінде жасырылған. Міне, осы арқылы Рамазанның соңғы он күні алдыңғы онкүндіктерден абзал. Құранды Жәбірейіл періште түсіріп еді, ол ең ұлық періштеге айналды. Құран Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға түсіп еді, ол адамзаттың ардақтысы болды. Құран Кәрім мұсылман үмбетіне түсіп, ол ең қайырлы үмбет атанды. Құран Рамазан айында түсіп еді, ол он екі айдың сұлтаны болды. Құран Қадір түнінде түсіп еді, ол мың айдан да артық болды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылғы Ораза кестесінде Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн — Қадір түні деп жариялады. Рамазан айының соңғы онкүндігіндегі тақ күндердің бірі болғандықтан, бұл түні ерекше құлшылық жасалып, дұға-тілектер айтылады.
Рамазан айындағы бұл түннің ерекшелігі туралы баяндайды.
Ислам ғалымдарының пікірінше, Қадыр түні Рамазан айының соңғы онкүндігінде, әсіресе тақ күндердің біріне жасырылған. Дегенмен, көпшілік ғалымдар оның 27-ші түнге сай келетінін айтады.
Қадір түнінің маңызы мен қасиеті
Қадір түнінің ерекшелігі туралы қасиетті Құранда «Қадір» сүресінде былай айтылған:
«Ақиқатында, Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түні – мың айдан да қайырлы. Періштелер және Жебірейіл (ғ.с.) ол түні Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол – таң атқанша бейбітшілік түні».
Бұл сүренің мән-мағынасы терең. Ислам ғалымдары «мың ай» деген ұғымды 83 жыл 4 ай деп түсіндіреді, яғни бұл түні жасалған әрбір сауапты іс адамның 83 жыл бойы үздіксіз құлшылық еткеніне тең болады. Сондықтан мұсылмандар бұл түнді бос өткізбей, көбірек құлшылық етуге тырысады.
Қадір түні әрбір мұсылман үшін ерекше мүмкіндік. Бұл түнді қалай өткізген дұрыс?
1. Дұға жасау және кешірім тілеу
Қадір түнінде айтылатын ең маңызды дұғалардың бірі – Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үйреткен мына дұға:
«Алла Тағалам, Сен – аса кешірімдісің, кешірімді жақсы көресің, мені кешіре гөр!»
Бұл дұғаны қайта-қайта айтуға болады. Сонымен қатар, адам өз өмірінде жасаған қателіктері үшін шын жүректен кешірім сұрап, келешекте дұрыс жолмен жүруге ниет етуі керек.
2. Құран оқу және тәпсірлерімен танысу
Қадір түні – Құран түскен түн болғандықтан, бұл түні қасиетті кітапты оқу ерекше сауап әкеледі. Егер Құран оқи алмасаңыз, оның қазақша мағынасы мен тәпсірін оқып, түсінуге тырысыңыз.
3. Намаз оқу
Бұл түнде парыз намаздардан бөлек, қосымша қажет намазын, тәспих намазын, тәһәджуд намазын оқуға болады. Қадір түнін толықтай ғибадатпен өткізу – үлкен сауап.
Тәһәджуд намазы 2 ракағаттан 12 ракағатқа дейін оқылуы мүмкін. Әр екі ракағаттан кейін сәлем беріледі. Бұл намазды түннің екінші жартысында оқу ұсынылады.
4. Садақа беру және қайырымдылық жасау
Қадір түні жасалған әрбір жақсы іс мың ай бойы жасалған құлшылықпен тең болғандықтан, садақа беру – сауапты істердің бірі. Мұқтаж жандарға көмектесу, қаржылай қолдау көрсету немесе жақсы сөз айту – бәрі де үлкен сауап әкеледі.
5. Туыстармен және жақындармен қарым-қатынасты жақсарту
Исламда адамдардың бір-бірімен тату болуы өте маңызды. Егер біреумен ренжісіп қалсаңыз, осы түнде кешірім сұрап, арадағы қарым-қатынасты дұрыстауға тырысыңыз. Бұл да сауапты іс саналады.
Қадір түнінің белгілері
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Қадір түнінің кейбір белгілері болатынын айтқан.
Ғалымдар мен ислам дінін зерттеушілер бұл белгілерді төмендегідей сипаттайды:
Ауа-райы ерекше тыныш және жайлы болады.
Түнде табиғат ерекше бір бейбіт күйге енеді.
Ай мен жұлдыздар ерекше жарық көрінеді.
Таңертең күннің шапағаты жұмсақ, өткір сәулесіз шығады.
Жүрекке ерекше тыныштық сезімі орнайды.
Бұл белгілер жыл сайын байқала бермеуі мүмкін, бірақ мұсылмандар бұл түнде ерекше бір қасиет болатынына сенеді.
Қадір түні айтылатын дұғалар
Қадір түні мұсылмандар өздері үшін, ата-аналары үшін, отбасылары үшін, бүкіл мұсылман үмбеті үшін дұға жасайды. Дұғаның нақты бір шектеулі формасы жоқ, бірақ ең маңыздысы – шын жүректен дұға ету.
Күнәлардың кешірілуі үшін:«Алла Тағала, менің жасаған қателіктерімді кешіре гөр, мені тура жолға сал!»
Денсаулық пен амандық тілеу:«Раббым, маған, ата-анама және барша мұсылмандарға мықты денсаулық, амандық, тыныштық нәсіп ет!»
Берекелі өмір сұрау:"Алла Тағалам, өмірімді берекелі, ризық-несібемді мол қыл!
Қадір түніне дайындық қалай болуы керек?
Қадыр түніне алдын ала дайындалу – оны барынша пайдалы өткізуге көмектеседі.
Күндіз мүмкіндігінше ораза ұстау.
Кешкі астан кейін ерекше рухани көңіл-күйге бөлену.
Артық шаруаларды тоқтатып, түнді тек ғибадатқа арнау.
Таң намазына дейін сергек болып, ғибадатты жалғастыру.
Бұл дайындық Қадір түнін барынша берекелі өткізуге септігін тигізеді. Қадір түні – мұсылман үмбеті үшін қасиетті әрі маңызды түн. Бұл түнде жасалған құлшылық пен дұға мың айға тең келетін үлкен сауап әкеледі. Әрбір мұсылман бұл мүмкіндікті жіберіп алмай, түнді Алланың разылығын алуға, кешірім сұрап, құлшылық жасауға арнауы керек.
Бұл түні тек өзіміз үшін емес, бүкіл мұсылман қауымы үшін дұға ету де маңызды. Алла баршамызға Қадір түнінің берекесін нәсіп етіп, дұғаларымызды қабыл етсін!
Жинақтаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
«Бір жасыңыз ҚҰТТЫ БОЛСЫН!» - көрісу күні айтылатын ең жақсы тілек