«Шынымды айтсам, мен ол кезде бұл сапарға дайын емес едім. Уақытым да болмады"
Сурет: ЖИ
Соңғы уақытта балаларының ата-анасына Мекке мен Мәдинеге, Ұмраға қажылыққа жолдама сыйлауы жиі кездесетін жақсы үрдіске, отбасылық дәстүрге айналып келе жатқандай. Бұрын ата-анасына киім-кешек, тұрмыстық техника немесе басқа да бағалы сыйлық ұсынатын перзенттер бүгінде «Ең үлкен сыйым – қасиетті сапарға жолдама» деп ойлайтын болды. Әсіресе балалары өздері аяққа тұрып, ата-анасының көптен бергі арманын орындауға мүмкіндік алған кезде мұндай сыйлықтың мәні тіпті арта түседі. Бірі анасына, бірі әкесіне, енді бірі екеуіне қатар жолдама алып беріп, «Біз үшін қанша жыл еңбек еттіңіздер, енді өзіңізге уақыт бөліп, қасиетті мекендерді көріп қайтыңыздар» деген ниетін білдіреді. Осылайша қажылыққа жолдама сыйлау бір реттік тартудан гөрі, ата-анаға деген алғысты білдірудің, олардың арманын орындаудың және отбасындағы ізгі ниеттің әдемі көрінісіне айналып келе жатқандай.
«Қажылыққа барсам екен» деп жылдар бойы армандап, жолы түспей жүрген адамдар бар. Ал кейде қасиетті сапардың мүмкіндігі адамға өзі күтпеген жерден келеді. Бірі ата-анасына сыйлық жасайды, бірі жақын туысын қуантқысы келеді, енді бірі досына ерекше тосынсый әзірлейді. Ал кейіпкеріміз Ұмраға жолдаманы күтпеген жерден, лотереядан ұтып алды.
«...Қуанышпен бірге тосын сезім келді»
«Шынымды айтсам, мен ол кезде бұл сапарға дайын емес едім. Уақытым да болмады. Бірден жолға жиналып кете қоятындай жағдайда емес едім», – дейді атын жалпақ жұртқа жарияламауды жөн санаған ақсақал. Тіпті бұл лотереяға қатысып жатқанын да білмегенін айтып ағынан жарылды. Лотереяға қатысуға қызы ақша төлеп, бірнеше билеттің біріне өзі, біріне жолдасының, тағы біріне әкесінің атын жаздырып, нөмір алған екен.
Адам өзі қаламаса немесе «дайын емеспін» деп санаса, қасиетті сапарға қалай аттанады? Қажылық мекеніне бару үшін ішкі тұрғыдан дайындық қаншалықты маңызды? Жолдаманы сыйлыққа алған немесе лотереядан ұтып алған адам нені ескеруі керек?
Қарияның айтуынша, лотереядан Ұмра жолдамасын ұтып алғанын естігенде алғашқы әсері ерекше болған. Бір жағынан – күтпеген сый, екінші жағынан – жауапкершілігі мол сапар.
«Мен бұл жолға алдын ала дайындалған жоқпын. Уақытым тығыз болды. Сапарға қажетті дүниелерді жинау, денсаулықты ойлау, құжаттарды реттеу – бәрі аяқ астынан болды. Сондықтан қуанышпен бірге басқаша бір тосын сезім келді. Оның үстіне, рухани жағынан да өзімді дайын сезінбедім. Аяқ астынан, асығыс жиналып жолға шығып кеткендіктен, өзімді қажылыққа құлықсыз барған адамдай сезіндім», – дейді ол.
Қарияның оқиғасы бір қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін. Лотереядан жолдама ұтып алды. Бастапқыда дайын емес еді, бірақ сапарға барып қайтты. Алайда оның «Мен әлі дайын емес едім» деген сөзі санаға көп ой салады.
Көп адам үшін сапарға дайындық деген чемодан жинау, билет пен құжаттарды тексеру, қажетті киімдерді әзірлеу сияқты практикалық шаруалардан тұрады. Ал Умра секілді қасиетті сапардың тағы бір қыры бар. Ол – адамның ішкі дайындығы. Қарияның әңгімесіндегі ең маңызды тұс та осында.
Егер адам бірнеше ай бұрын қажылыққа баруды жоспарласа, оның дайындығына жеткілікті уақыты болуы мүмкін. Қажылық тәртібін үйреніп, сапарға қажетті дүниелерін реттеп, өзінің рухани жағдайына көңіл бөледі. Ал жолдаманы лотереядан ұтып алған адамның жағдайы мүлде басқа.
Ол бұл сапарды армандаған жоқ, Алладан тілемеді, дұғасына қоспады. Сәйкесінше, жоспарлаған жоқ. Билет алуды ойламады, шығын қаражатын қамдамады. Күнтізбесіне қасиетті сапарды белгілеп қойған жоқ.
«Сіз Ұмраға барасыз» деген мүмкіндік оған бір сәтте келді. Мұндай жағдайда алғашқы толқу, қобалжу немесе тіпті «Қазір баруға дайынмын ба?» деген күмәннің пайда болуы қалыпты жағдай. Қария да дәл осындай сезімді бастан өткерген.
Бұл жерде кейіпкердің «құлықсыз» сөзін тура мағынасында қабылдамаған жөн. Қарияның айтқысы келгені – Ұмраға барғысы келмегені емес. Керісінше, оның бұл сапарға психологиялық, тұрмыстық және рухани тұрғыдан алдын ала дайындалып үлгермегені. Немесе өзінің иман дәрежесін, шариғи білімін жеткіліксіз деп санағаны.
Адам кейде өзі тілеп үлгермеген нәрсесіне күтпеген уақытта ие болғанда абдырап қалады. Мысалы, біреу шетелге саяхаттағысы келеді, әйтеуір бір күні барамын деп армандайды. Бірақ жақын арада барып қаламын деп үш ұықтаса түсіне кірмейді. Өткені оған қаржылық, отбасылық, т.б. түрлі жағдайы дайын емесін іштей сезеді, мойындап, қабылдайды. Ал аяқ астынан мүмкіндік туа қалып, ертең ұшып кету керек екенін бір күн бұрын білсе, қуанышпен бірге қобалжу, қорқу, өзін дайын емеспін деп қабылдау, тағысын тағы түрлі сезімдер бойында қатар ойнайтыны анық.
Қажылыққа барып-келгеннен кейінгі жауапкершілік, өмір салтындағы орын алуы тиіс өзгерістер деп көп адамды алаңдатады. «Дайынмын ба?» деген сұрақ көп жағдайда осы тұстан туады.
Ал қажылық сапарының ерекшелігі – мұнда жай ғана саяхатқа дайындықпен шектелмей, оның діни мәнін түсінуге деген қажеттілік бар.
Қажылыққа рухани дайындық деген не?
Рухани дайындықты міндетті түрде күрделі нәрсе деп түсінудің қажеті жоқ. Бұл – ең алдымен адамның ниетін саралауы, сапардың мәнін түсінуі және қасиетті орынға баруға жауапкершілікпен қарауы.
Өзіне: «Мен бұл сапардан не күтемін?», «Ниетім қандай?», «Қасиетті мекенге барғанда өзімді қалай ұстауым керек?» деген сұрақтарды қойып, жауабын сырттан емес, жан дүниесінен іздегені абзал. Бұл – сыртқы дайындықтан гөрі ішкі дайындыққа жақын дүние.
Қажылыққа баратын адам сапар барысында қандай амалдар жасалатынын алдын ала біліп алғаны жөн. Ихрам, тауап, сағи, т.с.с. негізгі ұғымдардың мәнін түсіну, қажылыққа бару тәртібін білетін мамандардан немесе діни сауатты адамдардан кеңес алу сапар кезінде өзіне сенімді болуға көмектеседі.
Рухани дайындықты неден бастауға болады?
Ең әуелі эмоцияға берілмей, сапардың нақты шарттарын анықтап алған жөн. Жолдаманың қандай шығындарды қамтитынын, сапар мерзімін, құжаттарды, медициналық және ұйымдастырушылық талаптарды алдын ала тексеру маңызды.
Ал діни рәсімдерге қатысты сұрақтарды білікті дін маманынан нақтылаған дұрыс. Себебі қажылық – туристік сапардан ерекшеленетін діни сапар.
Егер жолдаманы күтпеген жерден алған болсаңыз, өзіңізді бірден «бәрін білуім керек» деп қинаудың қажеті жоқ. Дайындықты қарапайым қадамдардан бастауға болады.
Біріншісі – ниетіңізді анықтау. Бұл сапарға не үшін баратыныңызды өзіңіз үшін түсініп алыңыз.
Екіншісі – қажылықтың тәртібін үйрену. Негізгі діни амалдар туралы сенімді ақпарат алыңыз.
Үшіншісі – сұрақ қоюдан ұялмау. Түсініксіз діни мәселелер болса, білікті дін маманынан кеңес сұраңыз.
Төртіншісі – сапардың физикалық жағына дайындалу. Қасиетті орындарда жаяу жүру көп болуы мүмкін, сондықтан денсаулық жағдайын ескерген жөн.
Бесіншісі – асықпай дайындалу. Қысқа уақыт болса да, сапарға қажетті заттарды, құжаттарды және ұйымдастырушылық мәселелерді реттеп алу маңызды.
Рухани дайындықтың мәні – бәрін мінсіз білу емес. Ең маңыздысы – ниетті түсіну, сапардың діни мәнін құрметтеу, негізгі амалдарды алдын ала үйрену және қасиетті мекенге жауапкершілікпен бару. Ал кейіпкеріміздің оқиғасы бір нәрсені көрсетеді: кейде адам өзін дайын емеспін деп ойлаған сәтте өмір оған күтпеген мүмкіндік ұсынады. Ең маңыздысы – сол мүмкіндікке саналы түрде қарап, оның мәнін түсінуге тырысу.
ТАҒЫ БІР ТҮЙІН: Қажылық сапарын тосынсый етіп тарту тұсында тереңірек ойланған жөн. Баратын кісінің өз қалауы, оған қабат денсаулығы, уақыты, дайындығы алдын ала ескерілгені дұрыс. Өйткені қасиетті сапарды адамға мәжбүрлік ретінде емес, өз еркімен қабылдайтын мүмкіндік ретінде ұсынған дұрысырақ.
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
«КӨППЕН КӨРГЕН ҰЛЫ ТОЙ»: көпке көзсіз еру ме, көппен бірге болу ма?
«АЙНАЛАЙЫН КЕЛІН, ҰРСА – ҚҰЛАМА, ТЕПСЕ – ЖЫЛАМА!»: тойда айтылып жүрген ерсі тілектер


