​«Малын КІРЛЕУ» садақасы деген не?

0
2 179

Қазақ мұны «малдың кірі» немесе «малын кірлеу» деп атаған


​«Малын КІРЛЕУ» садақасы деген не?

фото: cmcs.com

Зекет немесе малын кірлеу – мал садақасы. Яғни, мал-мүлкі үшін берілетін садақаның түрі. Бұл дүниесі, малы көп адамдарға қатысты.

Зекет те – жылына бір рет берілетін дәстүрлі садақаның түрі. Яғни жиған мал-мүліктен мұқтаждарға берілетін көмек. Оны қазақтар «малдың кірі» немесе «малын кірлеу» деп атаған. Бұл да азаматтың әлеумет алдындағы жауапкершілігін білдіреді. Бай өз малын «адалдап» алса, кедейлер алдындағы борышын өтеген болады.


Садақаны алған адам не істеуі керек?

Әрине, ойламаған жерден көмек алғанда мұқтаж адамның қуанары хақ. Ең алдымен, көмек қолын созған, садақа берген адамға ризашылығын білдіріп, рақмет айтады. Көп жағдайда, бата береді.

Екінші жағынан, алушы көмекті мұқтаждығына пайдалануы тиіс. Тегін келген зат ретінде қарап, албаты төгіп-шашпай, арақ-шарапқа, ойын-күлкіге жұмсап, жөнсіз істерге бармағаны жөн. Ақыл-есі кем кей адамдарға садақа немесе көмек ықыласын білдіре алатын туыстары арқылы беріледі.

Әрине, садақа не көмек берген адам үшін айтылған жақсы тілек, бата көптік етпейді. Көңілге жақсы.


Садақаға не беруге болмайды?

Денсаулыққа зиян келтіретін арақ-шарап, шегімдіктер, ұрлап алған не тартып алған пайдасыз заттарды – қысқартып айтқанда жан мен тәнді аздыратын заттарды беруге болмайды.

Кей адамдар мұқтаж жандарға ырымдап қара қой, ақсақ мал бергісі келеді. Тіптен дуалаған малды береді. Бұндай жаман ниетпен берілген «көмек» садақаға жатпайды. Садақаға не беруге болады?

Адал еңбегімен тапқан табысынан ақшалай не заттай бергені дүрыс. Былайша айтқанда ақша, тамақ, киім-кешек, мал-мүлік, жақсы сөз, білім-өнер үйрету, тәрбие беру – барлық пайдалы заттар мен игілікті істер түрінде беруге болады.


фото: ВКонтакте

Садақаны қалай беру керек?

Садақа – пітір, зекет, көмек, жылу, ақыл-кеңес, өнер-білім, тәрбие түрінде беріледі.

Ең алдымен шын жүректен таза ниетпен, жанашырлықпен, өз маңымыздағы адамдардың өміріне деген ортақ жауапкершілікпен, махаббатпен, еш мақтанышсыз, күпірлік ойламай риясыз көңілмен көмек беру керек. Бердім екен демей, оны тез ұмытып, одан қайырым күтпеу керек.


Садақаны кім, қалай беріп жүр?

Сүйіспеншілікпен садақа беру – өзінің міндеті, борышы ретінде сезініп, шын ниетімен, жариясыз көмек беру әрі сол үшін ешқандай қайтарым дәметпеу. Мұндай адамдар күпірлік те ойламайды. Міне, бұл – нағыз ізгі амал. Жүрегі таза, қулық-сұмдығы жоқ пенделердің тірлігі.

Мақтану үшін садақа беру – ел алдында атын шығару, қоғамның назарын өзіне аудару үшін аты-жөнін айтып, жариялап беретін садақа. Шын ниет болуы мүмкін, бірақ мұнда белгілі мүддені көздеп берген жағы басым.

Дүрмекке ілесіп садақа беру – «ел беріп жатыр, ұят болмасын» деп, басқалардан имене садақа беру.

Садақаны не үшін беретінін білмейтіндер бар. Мысалы, «көшеде қол жайып отырған сығандарға (олардың бизнес көзі болуы мүмкін ғой), тіптен кей арақкештерге де ақша тастап кетемін» дейтіндер бар. Бұл – еш ойсыз берілген садақа.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Баталы ел арымас, батасыз ел жарымас


«ТАБАЛДЫРЫҚ АТТАУ» дәстүрі көнерді ме?