«Өңір салу» қазақ халқының тойдан кейінгі салт-дәстүрлеріне жатады.
ото: ВКонтакте
Бұл дәстүрді үлкен жастағы әйелдер орындайды. Олар келінге «шашу» шашып, оған өз сыйлықтарын табыс етеді. Әдетте «Өңір» бұл – киім және тұрмыстық заттар.
«Өңір салу» қазақтың көне дәстүрлерінің бірі. Ол қазірге дейін сақталмаса да, кей өңірлерде осыған ұқсас шаралар өтіп жатады. Ертеде қазақтар өңір салу дәстүрін тойдан кейін өткізген. Келін түскен үйге сол әулеттің әйелдері шашу шашып баратын болған. Негізі, өңір салу кәде-сый беру жоралғыларының қатарына кіреді. Бұл дәстүрдің негізгі мағынасы мен мақсаты жаңа құрылған отауға қамқор болып, құрмет көрсетіп, тұрмыстық жағынан көмек көрсету болған. Өңір салу дәстүрімен келген қонақтар жаңадан құрылған отбасының отауына тұрмыстық заттар, келіншекке қажетті бұйымдар, киім-кешек пен тағы да басқа күнделікті өмір үшін керекті дүниелерді әкелетін болған.
«Өңір салу» дәстүрі бойынша, әркім өз қолында барын, жағдайы жететін затын әкеледі, жағдайы болмаса ырымдап үкі, бүркіт тұяғын да апарған. Ал өңір салу дәстүрімен барған әрбір қонақты қазақтар ерекше күтіп, малын сойып, мол дастархан жайған. Мұнда ең маңыздысы келген әрбір қонақтың риза болып қайтуы. Рәсім аяқталғаннан кейін қонаққа сарқыт беріліп, ол шыт көлемінде бөлінген матаға түйілген. Мұның мағынасы «жұғысты болсын» дегенді білдіреді.
Қазіргі таңда бұл дәстүр ұмытылып бара жатса, да, кейбір өңірлер әлі де қолданыстан түсірмей келеді. Әлбетте, біз ұл ретінде, дәстүрімізді ұлықтап, өңір салу дәстүрін қайта жаңғыртуымыз керек. Себебі оның жастар үшін маңызы мен пайдасы мол.
Қазақтың қай дәстүрін алып қарасаң да, астары терең, тәрбиесі мол. Жас отбасы тезірек аяққа тұрып кетсін, ел қатарына қосылсын, жас келіннің жоқ заты көп болып, біреуге алақан жайып қалмасын деген ниеттермен осындай дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастыру керек.
Өңір салу сияқты дәстүрлер қазіргі таңда жастардың тұрмыстық қиындықтарға бола ажырасып кету сияқты қиындықтардың алдын алуға септігін тигізеді.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: