​ЖЫЛҚЫНЫ неге ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛУҒА болмайды

0
7 156

Құрбандық малы ретінде таңдалып алынған жануарлардың ішінде неге жылқы жоқ? Осы сұраққа жауап іздеп көрдіңіз бе?


​ЖЫЛҚЫНЫ неге ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛУҒА болмайды

Құрбандық шалу Ибраһим пайғамбардың тұсынан бері жалғасып келе жатқан сүннет. Сондықтан, күллі мұсылман жұрты үшін құрбандық шалудың маңызы мен міндеті жайлы тәптіштеп айтып жатудың да қажеті жоқ шығар, өйткені, өзін мұсылманмын деп санайтын әрбір адамның ислам шарттарын, құрбандық шалудың да жөн-жоралғысын білмеуі ұят.

Мейірімді Алла Тағала пендесіне өмір сүрудің барлық қағидаларын жеткізген. Мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағы үшін біріне бірін бауыр етіп қана қоймай, ортақ берекеге толы мерекелерді де нәсіп етті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шынында Алла Тағала бұл екі мейрамды бұдан да жақсы екі мейрамға ауыстырды, бұл Ораза айт пен Құрбан айт» – деді.


Жалпы құрбандық шалу айт намазынан кейін айттың үшінші күніндегі ақшам намазына дейін жалғасады.

Таңертеңгілік құрбан айт намазына баратын кезде үйден тамақтанбай шығып, арнайы құрбандық ретінде шалынған малдың етінен дайындалған тағаммен оразаны ашу сүннет саналады. Айт намазынан қайтарда келген жолдан басқа жолмен қайту керек.

Құрбандық шалуға ниеттенген адам өз құрбандығын шалғанға дейін тырнағы мен шашын алмауы мүстахаб.

Бұл туралы пайғамбарымыз:

«Зүлхижжа айының туғанын көрген кездеріңде біреулерің құрбан шалуды қаласа шашы мен тырнақтарын алмай қоя тұрсын деген».

Құрбандық шалудың тәртібі жайлы тағы да естеріңізге сала кетсек:

Түйе-5 жастан, сиыр (бұқа) 2 жастан, қой-ешкі малы 1 жас, егер қой ірі болатын болса, 6 айдан бастап құрбандық малы ретінде шалуға болады.

Ал неліктен жылқы аталмаған?.. Ол жайында да дін мамандарының сұхбаттарынан, жазбаларынан білгеніміз, бізге пайғамбарымыздан жеткен риуаяттарда айтылады.


«Құрбандық малы ретінде таңдалып алынған жануарлардың ішінде неге жылқы жоқ?» деген сұраққа да түрлі жауаптарды естиміз. Діннен хабары бар деген адамдардың өздері де «Аша тұяқты мал ғана құрбандыққа жарамды. Ал жылқының тұяғына қараңыз, аша тұяқты емес» деген жауаптарды айтады.

«Пайғамбарымыздың өмір сүрген дәуірі, өмір сүрген өлкесі сахара жерлер. Жылқы өсіруге кез-келген адамның жағдайы жете бермейтін. Өйткені, жылқы малы өте кірпияз, талғампаз жануар. Үйірімен жылқы ұстау мүмкін болмағандықтан, жылқы басы кемімесін, жылқы бізге мініске көлік ретінде қажет деген ниеттен туындаған» деген нұсқалары да кездеседі.

Бұл жылқы етін жеуге болмайды деген сөз емес. Қазіргі кезде жылқы етінің пайдасы жөнінде көптеп жазылып та, айтылып та жүр. Саумалы мен қымызы ауырған жанға шипа, тәнге қуат беретін болғандықтан, мұны қанша дәріптеп, айта жүргеніміз артықтық етпейді.

Құрбандық шалу әрбір мұсылманның парызы, сондықтан, жағдайыңыз болса құрбандық шалғаныңыз дұрыс. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» –деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімді-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол – Ибраһим әкелеріңнің сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені «сүннет жолы» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп болған құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Сондықтан, құрбандық шалу Аллаға жақындау дегенді білдірсе, кім-кімнің де бұл ниеттен тыс қалғысы келмейтіні анық.

«Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе- жүректеріңізге ұялаған тақуалық. Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37 аят.)

Жүректеріңізден иман кетпесін, мейірім ұяласын. Алла сізден де, бізден де қабыл етсін!

Жинақтаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Аяқ киімді ТӨРГЕ қаратып шешуге болмайды

Қазаны ЕСТІРТУ кезінде қандай ҚАТЕ кетіп жатыр