Арықтағыңыз келсе, алкоголь ішпеңіз - білікті дәрігер басты себебін айтты

0
5 667

Арықтауды қалайтындарға ішімдікті мүлде ішпеген дұрыс. Себебі алкогольден кейін калориялы сусыннан да, тамақтан да бас тарту қиынға соғады.


Арықтағыңыз келсе, алкоголь ішпеңіз - білікті дәрігер басты себебін айтты

Алкогольді ішімдіктерді көп ішсеңіз ағзада қандай өзгерістер болатынын білесіз бе? Әрине, білмеуіңіз мүмкін. Әсіресе семіздікмен алысып, арықтауды армандап жүргендерге Шымкент қаласындағы әйелдерге арналған «Сапфир» фитнес орталығының дәрігері, сертификатталған тренер Маметаева Мадина Ақбердіқызы мынадай кеңес береді.



"Кімде-кім арықтауды қолға алған болса, ішімдікке қатысты мына жағдайларды білгені дұрыс. Себебі спиртті ішімдіктер тек арықтауға ғана емес, бүкіл ағзаға зиянды.



Ішімдікте калория көп

1 бокал қызыл шарапта шамамен 125 калория болса, 1 банкі сырада 155 ккал бар екен.

Алайда бұл калориялар сіздің қарныңызды тойдырып, нәрлі заттармен ағзаңызды қанықтырмайды. Тек уақытша ғана бойыңыздағы энергияны тасытып, сәлден кейін-ақ ағза әлсірей бастайды. Сол себепті де алкогольге қолыңызды апарғанда оның қаншалықты калориялы екенін, фигураңызға зиянды екенін есіңізден шығармаңыз.


Бауыр жұмысын нашарлатады

Адамның бауыры ағзада 500-ден аса қызмет атқарады. Ал, алкоголь бауырдың осы қызметтеріне кері әсерін тигізіп, оның жасушаларын зақымдайды. Осылайша барлық ішкі ағзалардың жұмысы бұзылады. Сондықтан да біз дәрігер ретінде бауырдың саулығын сақтағыңыз келсе, ішімдік ішпеңіз деп кеңес береміз.

Алкогольді ішімдікті үзбей ішетіндер бауыр циррозына шалдығады. Алкогольдің әсерінен пайда болған гепатиттің бастапқы сатысында ауру белгілері білінбейді. Осылайша бауыр ауруы асқынып, соңында істен шығуы да ғажап емес.


Артық тамақтануға алып барады


Алкоголь ішкен адам тамақты көп жеп, артынан салқын сусын ішетіні белгілі. Себебі ауыздағы ащы дәмді кетіру керек болады. Тойда немесе туған күнде, кез келген бас қосуларда ішімдікпен қатар міндетті түрде тәтті, газды сусындар қойылады. Бұл сусындарға көп қант қосылатынын ұмытпайық. Калориялы ішімдіктен соң, пайдасыз әрі тым калориялы сусынды ішкеннен кейін не болатынын ойлай беріңіз. Бұдан кейін екі күн тамақ жемесеңіз де болады.

Арықтауды қалайтындарға ішімдікті мүлде ішпеген дұрыс. Себебі алкогольден кейін калориялы сусыннан да, тамақтан да бас тарту қиынға соғады.


Гормондардың түзілуіне кері әсер етеді

Тестостерон - еркектердің ең басты жыныстық гормондарының бірі. Бұл гормон майдың ыдырауына бұлшықет массасының артуына айтарлықтай ықпал етеді. Бірақ та ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, алкогольді ішімдікті үзбей ішкен жағдайда тестостерон гормонының түзілуі де баяулайды екен. Гормонның түзілуі баяуласа, метаболизм жұмысы да бұрынғыдай белсенді болмайды. Осының әсерінен адамның бойында артық салмақ, май қабаттары көбейіп, қандағы қант мөлшері артады. Сонымен қатар, холестерин деңгейі де көтерілетінін естеріңізге саламын.


Ұйқыны қашырады

Кейде ұйқы келмей, маза қаша бастаса 1 стақан шарап немесе арақ ішіп алып, ұйықтап қалатындар бар. Алайда, алкогольді ішмдік барлық уақытта бұлай әсер ете бермейді.

Ғалымдардың зерттеулерінде мұндай жағдайдан кейін ұйқысы қашқандар да табылған. Түн ортасында ұйқыңыз қашса, асүйге қарай аяңдайтыныңыз анық. Тоңазытқышты ашып, қарынды тойдыруға асығасыз. Мұның барлығы артық калория, артық салмақ боп жабысатынын сол мезетте ұмытып кетесіз.

Алкогольді ішімдіктің зиянды екенін қанша айтып, ескертіп жатсақ та артық салмағы барлар, денсаулығы сыр берген жандардың одан бас тартуы қиын. Тіпті, бауыр ауруына шалдығып, көз алдымызда жан тапсырып жатқандар да бар. Адам өз нәпсісіне өзі тежеу қоймаса, ешкім де сізге көмектесе алмайды. Ендеше арық әрі әдемі болғыңыз келсе, денсаулығыңыздың сексеннің сеңгіріне шыққанша сыр бермегенін қаласаңыз ішімдіктен аулақ болыңыз. Әйтпесе мақсатқа жету мүмкін емес".

Қ.ӘТИ,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Арықтауға көмектесетін дәрумендер де бар


Кеңседе отыратындарға арналған ДИЕТА