"Ораза - диетаның бір түрі" дегенге қосыласыз ба?

0
4 791

"Мен осы айда 5 келі салмақ тастағым келеді. Ораза да диетаның бір түрі екен. Былтыр әпкем ораза ұстап, 7 келі салмақ тастаған болатын".


Көпшілік осылай ойлайды екен. Әсіресе әйелдер жағы арықтауды көп армандайтындықтан Рамазан айында бір ай бойы ораза ұстап, арықтауға қол жеткіземіз дейді. Бұны мен өз құрбыларымның аузынан естідім.

Бірде құрбыларыммен кездесу ұйымдастырып, бас қосқан болатынбыз. Ол уақытта Рамазан айының басталуына 2-3 күн уақыт бар еді. Әлден уақытта Айнаш: «Қыздар, кім ораза ұстайды? Мен осы айда 5 келі салмақ тастағым келеді. Ораза да диетаның бір түрі екен. Былтыр әпкем ораза ұстап, 7 келі салмақ тастаған болатын» - деді.

Айнаштың сұрағына бірінші болып Балым жауап берді: «Мен ұстаймын. Семіздіктен арылу менің де арманым. Егер 5 келіден арылатын болсам, керемет қой» - демесі бар ма?! Содан қыздардың бәрі ораза ұстайтын болып шешті. Бірақ, ешқайсысы Алланың разылығы үшін емес, сымбаттылығын арттыру үшін ұстамақ ниетте. Қалай дегенмен де мүлде ауыз бекітпегеннен бұл да дұрыс шығар. Алайда бір діни сайттан оқығаным бар еді. Онда «Оразаны тек арықтау мақсатында ұстау дұрыс емес. Ораза – парыз. Адам баласы тамақтан Алланың разылығы үшін тыйылуы керек» деп жазылған болатын.



Ораза ұстаушылардың назарына:

  • Ең алдымен ниетті дұрыстаңыз!
  • Парыз екенін ұмытпаңыз!
  • Алланың разылығын алуды ойлаңыз!
  • Денсаулыққа пайдалы екенін айта жүріңіз!

Егер Рамазан айында арықтағыңыз келсе, оны да жасай аласыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Алла разылығы үшін ораза ұстауға ниет етіп, тамақтан тыйылып, арықтауға болады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) өзі тамақты тартынып жеген екен. Расулуллаһ аз жеу, көп жемеу мәселесіне көп тоқталған.

«Адамның жүрегі егістегі егін сияқты. Тамақ жаңбыр сияқты. Артық су, егінді шірітетіні секілді артық тамақ та жүректі өлтіреді. «Көп жегенді, көп ішкенді Аллаһ Тағала ұнатпайды» деген.

Пайғамбарымыз Расулуллаһ асқазанның үштен бір бөлігін тамаққа, үштен бірін сусындарға бөлуге кеңес берді. Тағы бір үштен бірін ауаның үлесіне бос қалдыру керектігін айтады. Ең жақсы дәреже аз жеу және аз ұйықтау. Көп жеу – аурудың басы, аз жеу – дауаның басы. «Бір адамның тамағы екі адамға жетеді. Екі адамның тамағы үш адамға жетеді» - дегенді жиі айтатын болған.

Ораза адамды сабырға үйретеді. Өз-өзін жеңуге үйретеді. Тамақ жеуден тыйылуға болатынына көзін жеткізеді. Сонда ғана адам аштық пен шөлдің қандай болатынын түсінеді.


Егер Сіз Алла разылығы үшін ауыз бекітіп, арықтағыңыз келсе, тамақты мынадай қалыппен жеуді үйреніңіз.



1 күнге арналған мәзір


№1 тамақтану уақыты: ауызашар уақыт.

Ас мәзірі:

  • майсыз сүттен немесе айраннан дайындалған коктейль;
  • бал;
  • банан;
  • майсыз сүзбе қосылған қайнатылған күріш (күріштің орнына басқа жармаларды пайдалануға болады).


№2 тамақтану уақыты: 23:15

Ас мәзірі:

  • азырақ тауық еті немесе балық;
  • қайнатылған күріш немесе макарон;
  • 0,5 литр шай немесе су ішу ұсынылады.


№3 тамақтану уақыты: ауыз бекітер уақыт:

  • көбірек су ішіп, қайнатылған күріш жеңіз.


Есте сақтаңыз!

Аталмыш диетаны ұстау барысында дене жаттығуларымен міндетті түрде айналысу керек. Әсіресе таңғы және кешкі уақытта. Сонда ғана арықтауға қол жеткізе аласыз.

Дайындаған: Майра Сейфуллина,

ERNUR.KZ

Бір күндік диета: ШАЛҒАМ жеп те САЛМАҚ тастауға болады

72 сағат бойы бауырды тазалап, ОП-ОҢАЙ 5 келі салмақтан арыла аласыз