Роза Әлқожа: 25 келі салмақ тастадым

0
8 382

"Арықтауға уақыт жоқ менде. Өйткені өз сымбатымды қадағалап отыруға уақыт таба алмай қаламын. Оның үстіне ұдайы жолда жүреміз. Сосын дәріні де уақытылы іше алмай не спортпен айналыса алмай, ұйықтауға әрең уақыт тауып жатамыз. Үйге келе қалып, қатын боламыз".


Роза Әлқожа: 25 келі салмақ тастадым

фото: lastfm-img2.akamaized.net

«Диета» айдарының қонағы – елімізге белгілі әнші, сазгер, инстаграм парақшасында 1 млн. 400 мың оқырманы бар ақын қыздарыңыз Роза Әлқожа. «Сырт көз сыншыл» дегендей, әндерімен елді сүйсінтіп жүрген әншінің сымбатына, арықтау мен артық салмаққа қатысты біраз сұрақтарымызды уатсаб желісі арқылы жолдап, жауап алған едік. Әнші мұндай сауалдарды күтпеген болуы керек, таңданысын жасыра алмай, кезінде 25 келіге дейін салмақ тастағанын және де қазіргі уақытта неге арықтай алмай жүргенін әңгімелеп берген болатын.

- Роза ханым, сәлеметсіз бе?! Сізбен сұхбаттасудың сәті түскеніне өте қуаныштымын. Дәл қазіргі уақытта немен айналысып отырғаныңызды айтып өтсеңіз. Себебі, қарапайым халыққа елімізге белгілі әншінің дәл осы сәтте нендей шаруамен шұғылданып отырғаны қызық деп ойлаймын.

- Дәл қазір емханада жатырмын. Бір күнге емделуге келдім. Бұған дейін балаларды ата-әжесіне апарып, жаңа жылды қарсы алдық. Қонақ күттік.

Ал бүгін өтім толып, бауырым үлкейіп кеткеніне байланысты Гауһар Отарбайқызына келдім. Осыдан біраз жыл бұрын бүйрек, өт жолдарын тазалап берген болатын.

- Бос уақытыңыз бола ма? Болған жағдайда немен айналысасыз?

- Әншілер бос уақытында не істейтінін әлеуметтік парақшада көріп жүрсіздер. Мен бос уақытымда балалармен бірге боламын. Қыдыртып, қажетін әперуге тырысамын. Одан қалса көңіл айту, құтты болсын айту, сәлем беру деген шаруалар бар. Жалпы айтқанда келін, ана, әйел боламын.

фото: image.winudf.com

- Соңғы уақытта қазақи әндерді айтатын әншілердің саны азайып, керісінше түсініксіз өлең жаздырып, ән шырқайтындардың саны артуда. Тіпті, осы жаңа жылдық кештерден де осыны анық байқауға болады. Жаңа жылдық кештерге шақырылдыңыз ба?

- Жаңа жылдық кешке шақырмаса да ренжімейтін болғанбыз. Биыл Қазақстан арнасы дәл жаңа жыл кіргенде көрсетіпті. Қатты қуандым.

Енді қазір әнші біткен хиттың құлы. Елге қалай ұнасам деп әбігерленуде.

- Болашақта теледидардан көрінбей қаламыз-ау деген қорқыныш болмай ма?

- Мен әу баста-ақ ешкім шақырмай, өз кешімді өзім жасап, өзімді танытқан адаммын. Ел жақсы көреді. Өздері ат мінгізіп, шапан кигізіп, атақ беріп жатады. Сондықтан осы ел қалағанша ән саламыз деп ойлаймын. Ал, өз қалауым қырыққа дейін сахнаға шықсам, одан кейін өзі де әже болып немере бағып отыратын шығармын?!

- Биылғы жылға жасалған жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Доңыз жылында тындыратын істеріңіз көп пе?

- Биыл негізі демалсам деп ойлағанмын. Өйткені балалардың тәрбиесі қатты алаңдатады. Жолдасым да үйде отырасың деген. Әзірге жоспар жоқ. Бәрібір ел шақырады, туыстардың тойы бар. Тыныш отыра алмайтын сияқтымыз.

Сурет әншінің инстаграм парақшасынан алынды

- Сұхбаттарыңыздың көбінде орамал дүкені жайлы сұрақтар қойылып жатады. Бұл дүкендерді сіз басқарасыз ба? Жалпы пайдасы қандай? Кейде шоу-бизнесті қойып, орамал бизнесімен толықтай айналысып кеткіңіз келмей ме?

- Орамал маған бақ болып келген зат. Орамал таққан соң сахнадан көріндім. Орамал әнімен танылдым. Орамал тағып, сәлем салып жүріп бата алдым. Содан өсіп-өніп жатырмыз.

Ал, бизнеске келсек, шүкір жайлап жүріп жатыр. Жер-жерде дүкендер ашылды, франшиза бердік. Майда нәрсе болған соң пайдасы айтарлықтай емес. Оның үстіне біз өзіміз бояймыз, шашақ тігеміз. Дайындау бағасы қымбат.

- Роза ханым, бір таңғаларлығы, сіздің сахнада жүргеніңізге көп болса да, әлі күнге дейін кейбір әріптестеріңіз секілді арықтауды қолға алмаған секілдісіз?

- Мен сахнаға алғаш шыққанда талдырмаштай ғана сызылған қыз едім. Одан бері бес бала дүниеге келді. Дәрігерлер гормондар бұзылған дейді. Яғни, оны қалпына келтіру қиындау.

Мен сахнаға қашан шығатынымды, осыдан кейін шығамын ба, жоқ па оны да білмей жанталасып жүрдім. Күйеуі бар келіншек болғандықтан, бірде келіседі, бірде бас тартады. Балаларды да кемінде бір жыл еміздім. Біреуін тіпті төрт жыл дегендей... Сондықтан мен әнші емес, қарапайым әйел боп өмір сүріп жатырмын.

Арасында диета ұстап, фитнеске барған кездерім болды. Бірақ мен толуға өте бейім адаммын.

- Арықтағыңыз келмей ме әлде арықтай алмай жүрсіз бе? Арықтауға әрекет жасап көрдіңіз бе? Қазіргі уақытта арықтататын дәрілер де көп дегендей…

- Бір апамыз: "Шырағым, кесірленбе. Ауру келсе қалай азғаныңды білмей қаласың" деген. Ел ең бірінші дауысымды есту керек. Әнің ұнау керек. Содан кейін сән мен сымбат.

Мен өз сымбатымды қадағалап отыруға уақыт таба алмай қаламын. Өйткені, ұдайы жолда жүреміз. Сосын дәріні де уақытылы іше алмай, не спортпен айналыса алмай, ұйықтауға әрең уақыт тауып жатамыз. Үйге келе салып, қатын боламыз.

Әлі күнге дейін үйде де, түзде де көмекшім жоқ екен. Күйеуім де, балалар да үйде артық адамның жүргенін қаламайды. "Еден жуып, ыдыс тазалап кетемін де сосын аяқ астынан бір жерге барарда қиналып қаламын" деп соңғы кездері жиі-жиі айтып жүрмін.

- Қандай диетаға сүйеніп көрдіңіз? Нәтижесі қандай болды?

- Толықтығым сізге қатты бататын сияқты (күліп). Фреш био фуд деген өнімді ішіп, бір рет 25 келі, бір рет 17 келі тастадым. Былтыр жыл бойына фитнеске бардым. Жылдың аяғына қарай қайта тола бастадым.


Сурет әншінің инстаграм парақшасынан алынды

- Жолдасыңыз "артық салмақтан арыл, толысып кеттің" демей ме?

- Жолдасым ешқашан сымбатым жайлы әңгіме айтқан емес.

- Тәжірибелі психолог-диетологтар өз қызметтерін ұсынған кезі болды ма? Арықтауыңызға көмектесеміз дегендей…

- Жоқ. Ондай болған жоқ. Бір кісі суды көбірек ішуді ұсынған. Ал, мен тез арықтаймын да тез толамын.

- Біраз жылдардан соң біз сымбаты 90-60-90 болған Розаны сахнадан көруіміз мүмкін бе?

- Ештеңе айта алмаймын. Өйткені бұл денсаулықтың да шаруасы. Бес бала тапқан, шамалы шаршаған, ішкі ағзасында ақауы бар адам ретінде ешнәрсе дей алмаймын. Ауруымды тізіп айтпай-ақ қояйын. Ол үшін бірінші емделу керек.

- Құпия болмаса айтыңызшы қазір салмағыңыз қанша?

- Көптен өлшенген жоқпын. Білмеймін. Соңғы рет 75 кг болған.

- Үйде қандай тағамдар дайындағанды ұнатасыз?

- Қайнатпа сорпа, ет, манты.

- Ұл-қыздарыңыз өсіп қалды, бала тәрбиесінде кімнен ақыл сұрайсыз?

- Бала тәрбиесінде Ғани Бейсенбаев деген психолог, ұстаз ағамызбен ақылдасамын.

- Роза ханым, сұрақтарымызға тұшымды жауап беріп, шынайылық танытқаныңызға рахмет! Өнерде самғай беріңіз!

Әңгімелескен: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


4 аптада 28 келіден арылтатын СУПЕР диета


13 күнде арықтағыңыз келе ме? Жаңа жылға «жаңа» фигурамен


Қарныңыз тез аша ма? Оны тежеудің жолдары бар