​Мойындағы «өркештен» құтылуға болады

0
3 569

Ол тұз ба, май ма?


​Мойындағы «өркештен» құтылуға болады

фото: ашық дереккөздерден алынды

Кез келген артық нәрсе көзге қораш. Тіпті, үйдегі артық зат та үйлесімділікті, сәнді бұзады. Сол сияқты кейбір адамдардың мойнындағы «өркеш» көзге бір түрлі көрінетіні белгілі. Сізде де бар ма, сондай «буйвол өркеші»?



Ол тұз ба, май ма?

Мойындағы өркешті көп адам ағзадағы артық тұз деп ойлайды. Кейбіреу семіздіктен пайда болған май деп қабылдайды. Ал медицина мамандарының айтуынша, бұл мойын шекарасындағы VI-VII омыртқаларының күрт иілуі. Яғни бүгілген омыртқада сүйек бұрышы пайда болады да онда уақыт өте келе қосымша өсінділер қалыптаса бастайды. Әрине, иілген сүйек бұрышына май да, тұз да жиналуы әбден мүмкін.

Ол бастапқыда ауыртпайды, сондықтан мән беріп, оның себебін іздеп, емдеуге кірісетіндер кемде-кем.

Ал сіз емдеуді, өркештен құтылуды созбаңыз. Өйткені ол омыртқадағы бұзылыстың белгісі. Бірте-бірте «майлы өркеш» мойынның қозғалғыштығын шектейді. Соның салдарынан басыңызды төмен ұстап, бүкіреюге мәжбүр боласыз. Иық салбырап, өкпе қысылады, арқада ауырсыну пайда болады.

Осылай-осылай кішкентай ғана «өркеш» мойындағы, мойын омыртқасындағы қанайналымды нашарлатып, басқа мүшелердің жұмысын тежейді. Остеохондроз да көбіне сол өркештің кесірінен «туады».

Ең жаманы, одан ертерек құтылмасаңыз, үнемі шаршап жүретін боласыз. «Мойным еш нәрсеге жар бермей тұр», «Мойны іске жар бермейді» деген фразеологиялық тіркесті естіген боларсыз. Иә-иә, мойныңыздағы өркеш сізді еріншек, жалқау ететінін де айтады мамандар.



Пайда болу себептері

  • Артық салмақтың көбеюі
  • Гормональды дисбаланс
  • Үнемі бүкірейіп жүру
  • Ағзада кальцийдің жеткіліксіздігі
  • Бір орында тапжылмай отырып жұмыс істеу



Емдеу әдістері

Мойындағы өркештен құтылудың, оны емдеудің жолы көп. Әрине, ең бірінші артық салмақтан құтылып, дұрыс тамақтану ұсынылады.

Екінші жолы – оның себебін жою. Ал себепті анықтау үшін дәрігерден кеңес алыңыз. Мысалы, жүктілік кезінде және климакс басталғанда әйел ағзасында гормондық өзгерістер болады. Соның салдарынан да мойында өркеш пайда болады екен. Мұнда ең бірінші гормондарға сараптама тапсырып, қажетті гормондарды реттеу керек.

Осы сияқты негізгі себепті жою арқылы тез нәтижеге жете аласыз. Ал егер басты себепті анықтауға мүмкіндік болмаса, онда массаж бен жаттығулар көмегіне жүгінген дұрыс.



Массаж

Күніне міндетті түрде 10-15 минут жалпы мойын аймағына массаж жасау керек. Мойынға, ондағы өркешке массаж жасау үшін маманға барудың қажеті жоқ. Өзіңізге өзіңіз жасай аласыз. Массаж жасау арқылы сол аймақтағы қанайналымды жақсартасыз.

Мойынға массаж жасаудан бұрын жылы ванна қабылдауды ұмытпаңыз, сонда әсері жылдамдайды.



1-жаттығу

«Иә, иә, иә» дегендей басыңызды 15-30 рет изеңіз. Енді баспен бірнәрсені жоққа шығарғандай, яғни келіспегендей «жоқ, жоқ, жоқ» дегендей қимыл жасаңыз.

Осыдан кейін дереу «Ай-ай-ай, не бүлдіріп қойдың» дегендей басыңызды жеңіл оңға-солға 20-30 рет тербеңіз.


2-жаттығу

Денені тік ұстап орындыққа отырыңыз немесе тұрыңыз. Қол белде. Иекпен ауада түрлі геометриялық фигуралардың суретін саласыз.

Иекпен сурет саларда басты сәл шалқайтып ұстаған жөн. Қандай геометриялық фигура саласыз, таңдау өз еншіңізде. Мысалы, төртбұрыш, үшбұрыш, шеңбер, ромб, бесбұрыш т.б. Әр геометриялық фигураны иекпен ауада салған соң артынша оны кері бағытта сызып салыңыз.


3-жаттығу

Денені тік ұстап, басты 10 рет алға еңкейтіп, 10 рет артқа шалқайтыңыз.

Иықты қозғалыссыз ұстап, оң құлақты оң иыққа тигізуге тырысыңыз. Содан кейін сол құлақты сол иыққа жақындатыңыз. 10 рет қайталаңыз.

Басты сағат тілі бағытымен 10 рет шеңбер жасай айналдырыңыз. Одан соң қарама қарсы бағытта тағы да 10 рет айналдыру қажет.


4-жаттығу

«Қайық» деп аталатын жаттығудың мойындағы бүгілген омыртқаны түзулеуге көмегі зор. Жаттығу тек мойын омыртқасын емес, бүкіл омыртқаны массаждайды, созады, шынықтырады.

Төсенішке етбетіңізден жатыңыз. Қолдарыңызды бастан асыра созып ұстаңыз (қолдар еденде жату керек). Бір мезетте бірдей аяқ пен қолдарды, басты еденнен көтеріңіз. Шамаңыз келгенше жоғары көтеруге тырысыңыз. Бірер секунд кідіріп бастапқы қалыпқа оралыңыз. Осылай 10 рет қайталаңыз.


5-жаттығу

Келесі жаттығуда басты қимылсыз ұстап, тек иықты қозғалтасыз. Екі иықты бір мезетте барынша жоғары көтеріңіз. 2 секунд кідіріп, төмен түсіріңіз. 10 рет қайталаңыз.

Сосын оң иықты жоғары көтеріп, ал сол иықты мейлінше төмен тартасыз. Керісінше сол иықты жоғары көтеріп, ал оң йықты төмен түсіресіз. Осылай кезек-кезек қайталап, жаттығуды 20 рет орындаңыз.

Сонымен, жаттығулардың өзіңізге ұнаған 1-2-еуін таңдап алыңыз да күнде массаждан соң орындаңыз. Сондай-ақ артық салмақпен күрес+дұрыс тамақтану тәртібін де енгізіңіз. Сонда мойындағы өркештен жылдам құтыласыз.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Фитбол НЕГЕ әр үйде болуы тиіс?

Таңғы жаттығудың да өз ережесі бар