​Таңғы жаттығудың да өз ережесі бар

0
3 804

Ережеге сай орындаңыз!


​Таңғы жаттығудың да өз ережесі бар

фото: sportishka.com

Күніңізді қалай бастап жүрсіз? Халық даналығында «Таңғы уақыт қалай басталса – бір күнің солай өтеді» деген түсінік бар. Әрине, бұл сөзбен ешкім таласпас.

Бүгінде ұйқыдан тұрған соң бірінші телефон қуатын тексеретініміз белгілі. Сол сияқты өзіміздің де қуатымызды ойлағанымыз дұрыс-ақ. Ал ағза тек астан емес, дене жаттығуларынан және жақсы көңіл күйден де қуат алады. Қуатты адамның жұмысы, күні де өнімді болады.

Күн ортасында қуат таусылып қалмас үшін таңертең міндетті түрде 5 минут болса да дене жаттығуын орындаған дұрыс дейді фитнес тренерлер.

Кез келген дене жаттығуын орындауға, өзіңізге ұнайтын йога қалпында тұруға, тіпті тым болмағанда медитация жасауға да болады. Бірақ қай спорт түрімен айналыссаңыз да таңғы жаттығудың бәріне ортақ өз ережелері бар екенін білгеніңіз жөн. Сол ережелерді міндетті түрде сақтау керек.



1-ереже

фото: danceon.ru

Есте ұстаңыз, таңертеңгілік жаттығу – тренировка емес. Таңғы жаттығу бұлшықетті шынықтыру, артық салмақты тастау мақсатында орындалмайды. Ол ағзаның бүкіл жүйесіне қан арқылы оттегінің баруын қамтамасыз етіп ояту, сергектік сыйлау үшін жасалады. Сондықтан тыныс алу жаттығуы, керіліп-созылу гимнастикасы немесе ауланы бір рет айналып жүгіру сияқты жеңіл болуы керек, ол сізді шаршатпауы, денеге күш салмауы және бұлшықеттерді ауыртпауы қажет.



2-ереже


фото: cdn1.emailvision.org

Көп уақыт жаттығудың қажеті жоқ. Жарты сағат комлексті жаттығу жасап, ағзаны қинамаңыз. 1-ережеде айтылғандай жеңіл-желпі гимнастиканы 5-10 минут орындау жеткілікті.

Біріншіден, ұзақ уақыт жаттығу жасау шаршатады, екіншіден, екі-үш күннен соң бетіңіз қайтып қалуы мүмкін. Таңертең сізді көп жоспар күтіп тұрғандықтан және жаттығу жасауға дағдылану үшін қысқа болғаны абзал.



3-ереже

фото: i.ebayimg.com

Кез келген жаттығу пайдалы болуы үшін көтереріңкі көңіл күймен орындаңыз. Жаттығу барысындағы небәрі 5-10 минут уақытта тұрмыстық мәселелеріңіз, кеңседегі қат-қабат жұмысыңыз, жақын адамдарыңызбен (ата-ана, бауыр, ене, жар, бала-шаға, дос, әріптес, көрші т.б.) қарым-қатынасыңыз туралы ойларыңызды шетке ысыра тұрыңыз. Ойыңыз күйбең тіршілікке аумас үшін көңілді музыканы қосуға болады.



4-ереже

фото: alfagym.ru

8-10 сағат ұйқыда жатқан тәнді, жүйке жүйесін дұрыс оятуда таза, саф ауаның, яғни оттегі мен судың маңызы зор. Ендеше, жаттығу алдында бөлме температурасындағы 1-2 стакан су ішіңіз. нақтырақ айтқанда, жаттығуды су ішумен бастап, соңында тағы да су ішіңіз.

Сондай-ақ таңғы жаттығуды далада, яғни аулада орындаңыз. Мейлінше терең-терең тыныс алуға тырысыңыз.


Міне, бар-жоғы 4-ақ ереже. Қарапайым болғанымен, бұл ережелер таңғы жаттығуды орындаудан жалықпауға және тұрақтылыққа, яғни не жағдай болса да күнде жасауға жәрдемдеседі.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Жапон жаттығуЫ ӨМІРДІ ҰЗАРТАДЫ

АЯҒЫҢЫЗ ІСІП КЕТЕ БЕРЕ МЕ?