​Жүзу арқылы сағатына 600 ккал жоғалтуға болады

0
4 303

Жүзу – ерге де, әйелге де, жас пен кәріге де пайдалы спорт түрі. Жүзу арқылы денені сымбатты етуге, қалағаныңдай салмақ тастауға болады.


​Жүзу арқылы сағатына 600 ккал жоғалтуға болады

www.koskimies.fi

Жүзу – ерге де, әйелге де, жас пен кәріге де пайдалы спорт түрі. Жүзу арқылы денені сымбатты етуге, қалағаныңдай салмақ тастауға болады. Ол үшін жүзудің өзіндік қағидаларын, ережелерін дұрыс орындау керек. Сонда ғана оның денсаулыққа, дене-бітіміңізге айтарлықтай пайдасы тиеді. Ал, арықтағыңыз келсе, үнемі жаттығу қажеттігін ұмытпау керек. Әсіресе, өте ауыр салмақтағылар жүзумен көп салмақ жоғалта алады.

Бәлкім сіз, жүзу арқылы арықтауға болатынын бірінші рет естіп отырған боларсыз. Әрине, суға қарсыласу арқылы көп калория жоғалтуға, тыныс алу жүйесі мен жүрек жұмысын жақсартуға мүмкіндік бар. Бұлшықеттердің барлығы іске қосылады. Жүзудің тағы бір пайдасы – ешқандай кері әсері жоқ. Яғни, суға шомылу кезінде арықтағысы келетін жандардың денсаулығында болсын, басқа да жағдайларда зияны байқалмаған. Дегенмен, бұл спорт түрімен бірінші рет айналысқалы тұрсаңыз, медициналық анықтама алғаныңыз дұрыс. Содан кейін ғана өзіңізге ыңғайлы бассейнді таңдап, киімдеріңізді дайындап, жаттығуды бастай аласыз.

iloverunning.net

Күн сайын немесе аптасына 4 күн бассейнге түсуді қолға алсаңыз, сағатына 500-600 ккал жоғалтуға болады. Бірақ та алғашқы 8-12 күн жаттыққан уақытта тері біраз тартылып, салбыраған күйден арылады. Міне, содан кейін артық майлармен күресе бастайды. Суда жүзу барысында денеге толықтай массаж жасалып, қанайналым жақсарады әрі целлюлитпен күреседі. Сол себепті де жүзуді бастаған соң, тастамаған абзал. Сондай-ақ, мынадай ережелерді сақтаған да дұрыс:

  • Суға түспес бұрын денені қыздырып алу керек. Жеңіл жаттығулар жасап, аяқ-қолды іске қосасыз. Бар-жоғы 5-7 минут денені қыздырсаңыз жетіп жатыр.
  • Содан соң 5 минуттай жай қимылмен жүзуге болады.

10 минут қалыпты жүзу.

Енді, алдымен 100 метрге дейін қатты жүзіп, артынан 50 метр жай жүзуді жалғастырасыз.

Осы кесте бойынша жүзетін болсаңыз, семіздіктен арылып, қалағаныңыздай салмаққа қол жеткізе аласыз. Өздеріңіз байқағандай, ол үшін аса қиын жаттығуларды жасаудың қажеті жоқ. Тек жоғарыда келтірілген жаттығуларды орындап, үнемі бассейннен табылсаңыз болғаны.

Күн сайын шомылуға бола ма?

Мамандардың пікірінше күн сайын шомылу ағзаға айтарлықтай күш түсіреді екен. Бұдан кейін адам әлсіреп, қалжырап қалуы ғажап емес. Тіпті, дене түгелдей ауырып, келесі жолы жаттыға алмай қалуы да мүмкін. Сол себепті де аптасына 3-4 рет жүзумен айналысқан дұрыс. Сонда бұлшықеттер қалыпқа келіп үлгереді. Тез арықтаймын деп күн сайын бассейннен шықпайтындар ағзасының әлсіреу әсерінен ондай нәтижені көрсете алмайды. Ең дұрысы кешкі уақытта жүзумен айналысып, жұмыстан кейінгі шаршауды басқан жөн. Бұдан кейін ұйқыға кету де оңай болады.

Қанша минут жүзген пайдалы?

Жүзуді енді ғана қолға алып, жаңадан бастаушыларға бас-аяғы 45 минут жеткілікті. Бұл аса ұзақ уақыт емес. Әсіресе жаттығуға көп уақыт бөле алмайтындарға жүзуге бару өте тиімді. Өйткені мұнда олар аз уақыттың ішінде, көп салмақ жоғалтады.

Бассейндегі жаттығулар тиімді болу үшін жай жүзіп қана қоймай, мамандар ұсынған жаттығуларды жасау керек. Мұндай жаттығудың түрі өте көп. Бірақ, біз соның ішіндегі ең тиімділеріне тоқталамыз:

Велосипед. Судың ішінде жатып велосипед айдағандай қимыл жасау қарынды кетіруге көмектеседі. Ол үшін бассейн шетінде тұрып, қолмен ұстайсыз да, аяқпен велосипед тебесіз.

fb.ru

Аяқты көтеру. Велосипед тепкендегідей қалыппен тұрып, аяқты кезек-кезек судан көтеріп-түсіресіз.

Секіру. Бұл өте нәтижелі жаттығулардың бірі. Аяқты екі жаққа сермеп, судың ішінде секіру қажет.

Суда жүзумен қатар, осындай қарапайым әрі нәтижелі жаттығуларды жасаңыз. Суда жүзуден ләззат алыңыз! Шомылу - барлық мәселелерді ұмытып, жүйке-жүйеңізді тыныштандыратын, сабырлылыққа шақыратын ең керемет спорт екенін түсінесіз. Аз күнде-ақ, дене-бітіміңіздің өзгере бастағанын байқайсыз!

Дайындаған: Құрманкүл Әти,

ERNUR.KZ