Вертикалды СЫМСЫЗ ШАҢСОРҒЫШты қалай таңдау керек?

0
126

Шаңсорғыш ауыр болса, онымен жұмыс істеу шаруаны жеңілдетпейді.


Вертикалды СЫМСЫЗ ШАҢСОРҒЫШты қалай таңдау керек?

Сурет: avatars.dzeninfra.ru

Бұрындары үйдегі тазалық жұмысы физикалық күш пен біраз уақытты керек ететін еңбек болатын. Ал қазір шаңсорғыштардың арқасында өмір әлдеқайда жеңілдеді. Құрылғының сымсыз, тік болып келетін үлгілері тіптен тамаша шешім.

Алайда, тек дұрыс таңдалса ғана тамаша шешім. Дұрыс таңдай алмасаңыз, құр шығын. Қате таңдау жасап сан соғып қалмауыңыз үшін вертикалды сымсыз шаңсорғыш таңдауда 8 кеңес ұсынамыз, қаперге алыңыз.


1. Қуатын (сору күшін) нақты бағала

Шаңсорғыштың тарту қуатын нақты бағалау үшін килопаскаль (кПа) көрсеткішіне қарайсыз.

  • Егер үй еденінің көп бөлігін жұсақ жабын жауып жатса, мысалы, кілем, палас, ковролин, тағы да басқа, онда 20 кПа-дан жоғары болып келетін түрін алған жөн.
  • Ал төсеніші жоқ немесе аз, көбінесе тегіс, қатты еденді тазалау қажет болса, 10–18 кПа жеткілікті.
  • Егер үйде жануар жүні көп болса немесе кілемнің түгі қалың болса, құм түйіршіктері тұрып қала беретін есік алдын тазалауға қажет болса, 25 кПа-дан жоғары түрлерін іздеңіз
  • Көбіне максималды режимде шаңсорғыштың даусы жеңіл ұшақ қозғалтқышын еске салады, ал батареясы 15–20 минутта отырып қалады.


2. Салмақ пен қолайлылығы да маңызды

Шаңсорғыш ауыр болса, онымен жұмыс істеу шаруаны жеңілдетпейді. Керісінше, қолды талдырады, шаршатады. Әсіресе, тазалық жұмысы ұзаққа созылса. Сондықтан ең көп салмақ – 2,5 келіге дейін болатын түрлерін көздеңіз.

Көлеміне келсек, сорғыш басы мен түсігінің шағын, жіңішке болғаны абзал. Бұл төменгі орындар мен жиһаздың астын тазалауға ыңғайлы.


3. Қажетті насадкалар (аксессуарлар)

Базалық жиынтықта міндетті түрде болуы тиіс:

  • Еденге арналған негізгі щетка
  • Бұрыштарға арналған жіңішке, қиғаш саптама
  • Жиһазға арналған жұмсақ щетка
  • Қосымша пайдалы:
  • «Турбощетка» (жүн, шаш тартуда жақсы)
  • Ерекше қондырмалар (мәселен, дыбыс деңгейі төмен, ұсақ қиқымдарды тазалауға арналған, т.б.)
  • Көлік салонына арналған адаптер
  • Ылғалды тазалауға арналған қондырма. Көп комплекте бола бермейді. Бірақ сізге аса қажет те емес. Өйткені шаңсорғыш ылғал тазалық жұмыстарын шала жасайды.


4. Шаң жинағыш көлемі

Құрылғының шаң-тозаң, қоқысты жинайтын қапшығы (контейнер) шамамен 0,5–0,8 литр болғаны дұрыс. Кіші болса , тез толып қала беретіндіктен, қоқысты төгумен шаршайсыз. ҮҮлкен болса, құрылғыға салмақ қосылып, шаршатады, жұмыс істеу мүмкіндіктері азаяды.

Қоқыс контейнерінде циклонды жүйесі бар модельдер сүзгіні тез бітелуден сақтайды. Бірақ ондай үлгілерді жиі тазалап тұру керек.


5. Сүзгі сапасы

Егер шаң-тозаңға аллергия болса:

  • HEPA H13 секілді жоғары сапалы сүзгілер таңдаңыз
  • Сүзгіні жуғаннан кейін толықтай кептіріп алу қажет, су немесе дымқыл күйінде құрылғыға қосуға болмайды. Бұл шаң мен аллергендерді ауада ұстап қалады.


6. Аккумулятордың жұмыс істеу уақыты

Автономды, сымсыз шаңсорғыштың аккумуляторының толық бір қуаттаумен қанша уақыт жұмыс істей алатынына да мән беру қажет. Тоқ көзіне жалғамай-ақ еркін жұмыс істей алу үшін тзалау уақыты маңызды.

30–40 минуттық автономия шағын пәтерді тазалау үшін жеткілікті

Батареясы тез таусылатын болса, демек, қуаттауға қойғанда да жылдамырақ жинайды деген сөз. Тез зарядтау ыңғайлы, бірақ батареяның ерте тозуына әсер етуі мүмкін

Құрылғының ауыспалы аккумуляторы болса, тіпті жақсы. Тазалық жұмысы бітпей жатып біреуінің қуаты таусылса, екіншісін қоса қоюға болады.


7. Шу деңгейі

Шаңсорғыш дыбысының қатты не жай шығуында оның децибелі ғана емес, үйдегі акустика да маңызды.

Қаптамасында «70 дБ» деп тұрса, бұл – орташа көрсеткіш. Алайда, акустикасы нашар бөлме ішінде қосқанда дыбысы күшейіп естілуі мүмкін\


8. Тазарту жиілігі

Шаңсорғыштың қоқыс контейнерін, сүзгісіз жиі жуып-тазалап тұрасыз ба? Егер жауабыңыз «жоқ» болса, қаншалықты қымбат, қандай мықты түрін алсаңыз да, тез істен шығады.

Сымсыз тік шаңсорғыш – айына бір рет қана қосылатын гаджет емес. Бұл – күнделікті немесе апталық көмекші. Сондықтан алар кезде соңғы үлгіге, жұрт мақтағанға қызықпай, өзіңізге ыңғайлылығын, өміріңізге жымдаса кететін, өзіңізбен біте қайнасатын түрін тапқан жөн.

Дайындаған. Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Үй жағдайында қолдануға болатын массажерлар