2018 жылы мемлекеттік қызметтен 135 адам қуылды

0
1 252

Тексерістер нәтижесінде 1211 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған


2018 жылы мемлекеттік қызметтен 135 адам қуылды

ERNUR.KZ. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2018 жылды қорытындылады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жалпы, өткен жылы сыбайлас жемқорлық себептері мен оған алып келетін жағдайларды жою бойынша (ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 200-бабына сәйкес) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 2053 ұсыным жолданған еді. Нақтырақ айтқанда, ішкі істер органдарына - 862, әкімдіктерге - 584, мемлекеттік кіріс бөлімшелеріне - 99, денсаулық сақтау министрлігіне - 30, ауыл шаруашылығы министрлігіне - 33 ұсыным берілді», - деп мәлім етті бүгінгі брифинг барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департаментінің ерекше маңызы бар істері бойынша офицері Бауыржан Балғабеков.

Оның айтуынша, тексерістер нәтижесінде 1211 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның 135-і мемлекеттік қызметтен шығарылса, 76-сы лауазымынан босатылған. 190 адамға қызметтік талапқа сай емес екені анықталып, 281-не қатаң сөгіс берілген.

«Аймақтық деңгейде сол секілді 1067 ұсыным қаралды. Оның ішінде әкімдік бөлімшелеріне қатысты - 332, ішкі істер органдарына - 380, әділет ведомстволарына - 24, сондай-ақ мемлекеттік кіріс бөлімшелеріне қатысты - 43, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне - 44 және мемлекеттік органдардың өзге аумақтық бөлімдеріне қатысты - 51. Осы тәжірибені ары қарай жалғастыратын боламыз», - деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілі.