​21 жастағы Астана тұрғыны бала сүю бақытынан айрылды: кім жауапты?

0
2 828

Бала сүю бақытынан айырылған келіншектің отбасы ота жасаған ақхалаттыларды сотқа бермек.


​21 жастағы Астана тұрғыны бала сүю бақытынан айрылды: кім жауапты?

көрнекі сурет ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Астана қаласының тұрғыны дәрігерлерді бала сүю қабілетінен айырды деп айыптап отыр, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.

"Небәрі 21 жасымда тағы да бала сүю бақытымнан айырды". Жас ананың айтуынша "кесарь тілігімен" босандырып алған ақхалаттылар отаны дұрыс жасамаған. Құрсағын тіккен кезде ішіне инфекция түсіп, асқынып нәтижесінде жатырын алып тастауға тура келген. Жансақтау бөлімінде бір апта жатқан әйел әупірімдеп тірі қалыпты. Ал, наусқасқа ем жүргізген дәрігерлер болса туыстарына отаның кім жүргізгенін білмейтінін мәлімдеген.

21 жастағы қала тұрғыны Әйгерім Сәметтің жалғыз жұбанары да әупірімдеп аман қалған сәбиі. Ананың бауыр еті баласын қарауға әлі таусылса да, бар күшін жинап ыстық құшағына басады. Себебі, жоспардағы жүктілік келіншек үшін қорқынышты түсіне айналған. Өткен жылдың желтоқсанында айы күні жетіп перзентханаға барған әйелді ақхалаттылар "кесарь тілігімен" босандырып алған. Бірақ...

«Сол кезде мен операционный залда жатқан кезде маған врач қызық сұрақтар қойды. "Трубаңды" байлап тастайынба? Тағы да туғың келеді ма? Осының алдындағы қызыңды кім босандырды? Мен операция жасадым ба саған? Мен жасаған болсам маткаңды байлап тастаушы едім. Дегендей сұрақтар қойды. Мен ол кезде наркозбен жатқан болатынмын» - дейді зардап шеккен ана Әйгерім Сәмет.

Өмір мен өлімнің арасында жатқан қызымызға ақхалаттылар операция аяқталысымен дұрыс назар аудармады дейді келіншектің отбасы. Нәтижесінде әйелді арада 3-4 күн өтпей перзентханадан үйіне сап-саусың деп шығарып салған.

«Ота жасаған кісіге жолығайын деп барсақ, ол уже жұмыстан шығып кетті жұмыс істемейді дейді. Ол неге жұмыстан шығып кетеді табан астында. Егер оның ешқандай жазығы жоқ болса. Олақ болмаса, білікті маман болса не үшін жұмыстан шығады?» - дейді зардап шегушінің анасы Мейрамкүл Арқабаева.

Алайда, келіншек сәбиін босанған қаладағы №2 перинаталдық орталықтан үйіне шыққан соң, арада көп ұзамай өзін жайсыз сезінген. Денсаулығына алаңдаған жолдасы оны шаһардағы басқа ақылы емханаға алып барған. Сонда оның жағдайын көріп, төбе шашы тік тұрған мамандар жас ананың сәл кешіккенде өліп кетуі де мүмкін еді деген болжам айтқан.

«Неге ол кісілер ондай тірлік істейді? Неге ондай сөз айтады? Адам жанының арашасы ғой олар. Адамның жаны қиналып жатқанда адамның жаны жадырайтын әңгіме айту керек. Ондай әңгімені неғылады? Барсақ айтады, біз білмейміз ондай әңгіме болған жоқ. Мен естіген жоқпын дейді» - дейді зардап шегушінің әжесі Фарида Тұртаева.

Екінші рет ота жасаған хируругтар жас ананың құрсағын көріп бастарын шайқаған. Себебі, бір айға жетпейтін уақытта ішке екі литрге жуық ірің жиналып қалған. Операция 6 сағатқа созылыпты. Бірақ, әйелдің жатырын алып тастауға тура келген. Ал, перзентханада бірінші ота жасаған дәрігерді отбасы шарқ ұрып іздеп таппай жүр. Себебі, ол жұмыстан шығып кеткен көрінеді.

«Ота жасаған врачпен сіз неге маған сондай сұрақтар қойдыңыз? Енді, менің де сізге сұрақтарым бар дейін десем, ол кісіні таба алмадық. Ал ауруханадағылар таппақ түгілі түрі қандай деп өзімнен сұрайды. Ол врачты тауып беруге тырысамыз, тапқан кезде сізге хабарласамыз, дейді. Сонда өздерінің араларында жүрген врачтарды білмей ма ол кісілер? Олардың өздерінің бір кінәлары бар содан кейін қашады деп ойлаймын» - дейді зардап шеккен ана Әйгерім Сәмет.

Енді, болашағына балта шабылып, қайтадан бала сүю бақытынан айырылған келіншектің отбасы ота жасаған ақхалаттыларды сотқа бермек.