2025 жылдың 2 маусымында Байқоңыр ғарыш айлағы мен аттас қаланың құрылғанына 70 жыл толады.
Фото: Роскосмос
ERNUR.KZ. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан биылғы алғашқы ұшырылым қыстың соңғы күні, 2025 жылдың 28 ақпанына жоспарланған. «Прогресс МС-30» жүк тасымалдау кемесі Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) жіберіледі, деп жазады inform.kz.
Ұшу алдындағы дайындық жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Мамандар ғарыш кемесіне жанармай құйып, оны «Байқоңыр» ғарыш айлағының 254-ші учаскесінің құрастыру-сынау корпусына жөнелтті. Онда кеме ұшырылым алдындағы динамикалық стендке орналастырылды, деп хабарлады Роскосмостың баспасөз қызметі.
«Прогресс МС-30» көліктік жүк кемесі бар «Союз-2.1а» зымыран тасымалдағышын «Байқоңыр» ғарыш айлағының 31-платформасынан ұшыру 28 ақпанға, Астана уақытымен сағат 02:24-ке жоспарланған.
Жылдың алғашқы ұшырылымын Қазақстан мен Ресей ғарыш агенттіктерінің басшылары бақылайды.
Дереккөздің хабарлауынша, ғарыш айлағында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Роскосмостың жаңа басшысы Дмитрий Бакановтың жұмыс кездесуі жоспарланған.
Сондай-ақ Байқоңырда ХҒС бағдарламасы бойынша кезекті ұшыруға дайындық жүріп жатыр. Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-27» басқарылатын ғарыш кемесі бар «Союз-2.1а» зымыран тасымалдағышын ұшыру 2025 жылдың сәуір айына жоспарланған. Құрамында Роскосмос ғарышкерлері Сергей Рыжиков пен Алексей Зубрицкий және NASA астронавты Джонатан Ким бар 73-ші ұзақ мерзімді экспедиция экипажы ұшыруға дайындалып жатыр.
Бұған дейін «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру туралы заң жобасы Мәжіліске енгізілгені туралы хабарланған болатын.
Айта кетейік, 2025 жылдың 2 маусымында Байқоңыр ғарыш айлағы мен аттас қаланың құрылғанына 70 жыл толады.
Үкімет Байқоңыр түбіндегі аэродромды Қазақстан меншігіне алудан бас тартты.