90 жастағы қарияның башпайларын пойыз басып кетті

0
2 015

Қария жүргелі тұрған пойыздың астынан өтпек болған


90 жастағы қарияның башпайларын пойыз басып кетті

ERNUR.KZ. Ақтөбенің Шалқар ауданы Бершүгір станциясында тоқсандағы қария абайсызда пойыздың астына түсе жаздады. Жүргелі тұрған пойыздың астынан өтпек болған қарияның екі башпайын пойыз басып кеткен, деп жазады Вaq.kz.

Сақтық шараларының жиі қолға алынып жатқанына қарамастан, станцияда тұрғындар тарапынан жол бойын кесіп өтерде қауіпсіздік ережелері сақтала бермейді екен. Тоқсаннан асқан ақсақалдың пойыздың астынан қалай өтпек болғаны түсініксіз.

Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі қауіпсіздік қызметінің басшысы Айболат Дарбаевтың хабарлауынша, қария 1928 жылы дүниеге келген.

«Ауыл тұрғыны, жасы біразға келген, жол бойындағы қоршаудан да қалай өтіп кеткені белгісіз. Башпайларын пойыз басып кетті. Қария рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтпек болған. Белгілісі, үлкен кісі спирттік ішімдік ішпеген. Бүгінде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтөбе жүк тасымалының қауіпсіздікке жауапты қызметкерлері алдағы уақытта қорытындысын хабарлайды», – дейді ол.

Станция тұрғындары қауіпсіздіктен хабардар. Мектептерде, мекемелерде арнайы кездесулер жиі ұйымдастырылады. Алайда, ауылда көпір бола тұра, тұрғындар жол арасымен жүруін доғарар емес. Тіпті, арнайы қоршау да тұрғызылған. Алайда, оны да бұзып кетеді екен.