Абай облысында аяқ киімге тапсырыс берген әйелге бір қорап есірткі келген

0
704

Аяқ киімге тапсырыс берген, бірақ қораптың ішінде жасыл түсті белгісіз зат болған.


Абай облысында аяқ киімге тапсырыс берген әйелге бір қорап есірткі келген

ERNUR.KZ. Абай облысында аяқ киімге тапсырыс берген әйел бір қорап есірткі алды, деп жазады stan.kz.

2 желтоқсан күні Үржар полиция бөліміне 59 жастағы әйел арызданған. Айтуынша, ол аяқ киімге тапсырыс берген, бірақ қораптың ішінде жасыл түсті белгісіз зат болған.

Кейінірек әйелге қораптың иесі қоңырау шалған. Ер адам курьер сәлемдемелерді шатастырып алғанын, оған аяқ киім жеткізгенін айтқан.

Әйел онымен қораптарды ауыстыруға келіседі, ал тәртіп сақшылары белгісіз заттың иесін ұстау операциясына кіріскен.

Полиция ер адамды "ізін суытпай" ұстады. Ол аудан орталығының 34- жастағы жұмыссыз тұрғыны болып шықты.

Үйді тінту барысында скотчпен оралған төрт қорап табылды, ішіне өсімдік тектес, өзіне тән иісі бар зат салынған. Сараптама белгісіз зат салмағы 72,2 келі кептірілген марихуана екенін көрсетті.

Қазір күдіктінің сыбайластарын анықтау бойынша жедел іздеу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.