Ақпан айы қиын болмақ: АШМ шаруаларға үндеу жолдады

0
139

Ақпан айы мал өсірушілер үшін қиын болмақ.


Ақпан айы қиын болмақ: АШМ шаруаларға үндеу жолдады

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпан айында күннің күрт суу болжамына байланысты шаруаларға үндеу жариялады, деп жазады inform.kz.

- Ауа райына назар аударуды және шалғайдағы малдың қыстауын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды сұраймыз. Ақпан айы мал өсірушілер үшін қиын болмақ. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы -10 -16°С-ға дейін төмендемек. Ал Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарында, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының оңтүстік-батысында және Түркістан облысының солтүстік жартысында -1 -9°С болады деп күтілуде.

Сонымен қатар Маңғыстау облысының оңтүстік-батысында, Түркістан облысының оңтүстігінде 0, +3°С-ге төмендеуі күтілуде, - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, ақпан айында еліміздің басым бөлігінде жауын–шашын мөлшері нормадан жоғары болады.
Оның ішінде Маңғыстау және Түркістан облыстарының басым бөлігінде, Атырау, Ақтөбе, Қостанайдың солтүстігінде, Солтүстік-Қазақстанның солтүстік-батысында, Ұлытау облысының оңтүстік-батысында, Қызылорда облысының солтүстік жартысында, Жамбыл облысының оңтүстік-батыс жартысында нормаға жақын болады.
- Осыған байланысты малды жылы және құрғақ қорада ұстау керектігін сұраймыз. Жемшөп мөлшерін көбейтіңіз, өйткені суықта жануарлар дене температурасын ұстап тұру үшін көп энергияны қажет етеді. Жемшөп қорын тексеріңіз, күн райының күрт өзгеруі жемнің қолжетімділігі мен сапасына әсер етуі мүмкін. Бұлақтың қатып қалуын болдырмаңыз және таза су беріңіз.
Сонымен қатар малдың жағдайын тексеріп отырыңыз, - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінен.