Полиция қызметкерлері 18 жастағы күдіктіні ұстады.
фото: Sputnik / Рамиль Ситдиков
ERNUR.KZ. Ақтөбеде iPhone 17 "ұтып" алған ер адам 1,5 млн теңгесінен айырылды, деп жазады sputnik.kz.
Оған белгісіз ер адам телефон шалып, өзін белгілі компанияның менеджері ретінде таныстырған.
"Ол жәбірленушіге ұтысқа қатысып, жаңа iPhone 17 смартфонын ұтып алғанын айтқан. Сыйлықты алу үшін бірқатар әрекетті орындауды және ұтысты растау рәсімінен өтуді сұраған", - дейді ведомство.
Кенеттен болған "сыйлыққа" қуанып, оның сөзіне сенген жәбірленуші барлық нұсқаулықты орындаған. Ол көрсетілген есепшотқа шамамен 1,5 миллион теңге аударып жіберген.
Алданғанын түсінген ер адам полицияға шағымданды. Жедел іздестіру кезінде 18 жастағы жігіт ұсталды.
Тінту барысында оның телефонынан ақша аударымдары туралы мәліметтер және өзге де айғақтар табылды.
Күдікті жасаған ісін мойындап, толық жауап берген. Тергеу жүріп жатыр.


