57 жолаушы мінген автобустан өрт шығып, 52 адам қаза тапты.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысындағы тас жолда автобус өртінен қаза тапқан 52 өзбектің туыстары бес сотталушының әрқайсысынан 150 миллион теңге моральдық шығын талап етті. Талаптардың жалпы сомасы 7 миллиард 800 миллион теңге (21 миллион доллардан астам).
Қайғылы оқиға 18 қаңтарда сағат 10.30-да Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара-Шымкент тас жолының 1068-ші километрінде Қалыбай ауылына жақын жерде болған еді. 57 жолаушы мінген автобустан өрт шығып, 52 адам қаза тапты – бәрі Өзбекстан азаматтары. Аман қалған үш жүргізуші – қазақстандықтар, тағы екі өзбек азаматы да өлім аузынан қалған, деп жазады sputniknews.kz.
Естеріңізге сала кетсек, жүргізушілер Барат Таңатаров, Нұржан Қырғызбаев және Мақсат Пернебековке өрт қауіпсіздігі талаптары мен көліктік құралдарды пайдалану ережелерін бұзу салдарынан екі және одан да көп адамның қаза табуы бойынша айып тағылған. Жүргізушілер бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жүргізушілермен бірге сынған автобусты рейске шығарған механик Бахадир Бердібаев пен өртенген автобус тиесілі тасымалдау фирмасының басшысы Нұрлыбек Телепбаев та сотталып жатыр.
Автобус жолаушыларды Шымкенттен Қазан қаласына апара жатқан. Тергеу барысында анықталғандай, өртенген көліктің жолаушылар тасымалын жүргізуге рұқсаты болмапты.
Оның үстіне, техникалық байқаудың мерзімі өтіп кеткеніне екі жыл болыпты – Шымкентте 2015 жылы 17 тамызда техникалық байқаудан өтіп, құжат 2016 жылдың 17 ақпанына дейін жарамды болған еді.
Жәбірленушілердің талап еткен сомасын естіген сотталушылар наразылық білдіре бастады. Олар өздерін кінәлі санамайды, толығымен ақтап шығуды талап етіп отыр.
Сотталушылар айтып бергендей, сапасыз жанармайдың кесірінен автобус далада сынып қалып, жүргізушілер жолай көлік тоқтатуға шығып кеткен. Сол кезде жолаушылар жылыну үшін дәнекерлеуші лампаны қосып қояды. Олардың бірі лампаны құлатып жіберіп, салдарынан өрт шыққан.