Бұл оның Абайдың 175 жылдығына арнаған тартуы.
ERNUR.KZ. Ақтөбелік депутат Ардақ Өтегенов балалардың ойын алаңын салып берді, деп жазады ҚазАқпарат.
Ақтөбе қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» фракциясының мүшесі Ардақ Өтегенов «Туған жер» бағдарламасына қолдау мақсатында балаларға спорт алаңын салып берді. Бұл оның Абайдың 175 жылдығына арнаған тартуы.
Ол салауатты өмір салтын ұстанады. Қазір бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Қоғамдық өмірін спортпен байланыстырып жүрген азамат оның тәрбиелік мәніне де ерекше көңіл бөледі. Командалық ойын балаларды достыққа, бірлікке баулитынына сенімді.
«Кезінде ауладағы балалармен түрлі спорттық шараларға белсене қатысатынбыз. Қазір байқасам, жеке үйлерде тұратын балалардың ұйымшылдығы азайып, спорттан алыстап кеткен. Сондықтан спорт алаңын көпқабатты үйлердің ортасынан емес, шет жақтағы Тәуке хан көшесіне салуды жөн көрдік. Қала әкімі, партияның қалалық филиалы төрағасы Асхат Шахаров жер бөліп, аумақты жарықтандырып, қолдау білдірді», - деді депутат.
Футбол және баскетбол ойнауға арналған шағын спорт алаңы бір айға жуық уақытта салынған. Қажетті құрал-жабдықтар Алматыдан арнайы тапсырыспен жеткізілді. Мұнда әр баланың спортпен айналысып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндігі бар.⠀
Айта кету керек, Ардақ Өтегенов бұдан бұрын Ақтөбе облыстық туберкулезге қарсы диспансердің жанындағы провизорлық орталыққа жəне облыстық клиникалық жұқпалы ауруларға қарсы ауруханаға оттегі концентраторларын сыйлаған болатын.