Оқыс оқиға бүгін сағат 12:40-та Медеу ауданында болды.
Фото: t.me/almatytoday/
ERNUR.KZ. Алматыда екі қалалық маршруттық автобус соқтығысты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Әлеуметтік желілерде жол апаты болған жерден фото мен видео жарияланды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 12:40-та Медеу ауданында болғанын хабарлады.
«69-маршруттың жүргізушісі Райымбек даңғылы бойымен шығыс бағытта қозғалып келе жатып, Назарбаев даңғылынан шығыс жақта орналасқан аялдама кешенінде тұрған 208-маршруттық автобусына соқтығысқан. Апат салдарынан 69-маршруттың жүргізушісі мен жолаушысы медициналық көмекке жүгінді», – деп мәлімдеді полиция.
Апаттың мән-жайын Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр.


