​Алматыда екі әйел өртеніп жатқан үйден ер адамды аман алып шықты

0
1 311

Оқиға болған жерге 8 минуттан кейін келген құтқарушылар екі нәзік жандының ер адамды қолымен шығарып алғанына қатты таңғалады.


​Алматыда екі әйел өртеніп жатқан үйден ер адамды аман алып шықты

ERNUR.KZ. Құтқарушылар Алматы қаласының екі тұрғыны мен олардың бірінің баласын өртеніп жатқан үйден адамды аман алып шыққаны үшін марапаттамақ. Бұл туралы оңтүстік астананың төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіндегілер мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

18 қаңтар күннің алғашқы бөлігінде Жароков және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында тұрғын үйдің төртінші қабатында бір бөлмелі пәтер өртенді. 46 жастағы Еркін Төрегелдин өрт шыққан кезде бөлмеде ұйықтап жатқан. Оянған кезде түтінге тұншығып, бөлмені шарпыған жалынның кесірінен сыртқа шыға алмай қалады. Сол кезде ер адам балконға жүгіріп шығып, адамдарды көмекке шақыра бастайды.

Дауысын бірінші болып жоғары қабатта тұратын Андрей Моисеев естіп, "101" пультіне хабарласып көмек сұрайды. Андрей Моисеев, оның анасы Анна Моисеева және Наталья Кисарь Төрегелдинге балконның жақтауына шығып тұруды ұсынады. Кейін үшеуі қол созып, жоғары қабаттың балконына шығуға көмектеседі.

Сондай-ақ, Андрей осы сәтте жарылыстың алдын алып газ колонкасын бекітіп қояды.

Оқиға болған жерге 8 минуттан кейін келген құтқарушылар екі нәзік жандының ер адамды қолымен шығарып алғанына қатты таңғалады. Сондай-ақ, олар ауыр салмақты көтере алмай бесінші қабаттан өздері құлап кетуі мүмкін еді.

Жәбірленушінің қолы мен тізесін екінші дәрежелі күйік шалған. Сондай-ақ, өртенген заттардың түтініне аздап уланған. Алайда ер адам ауруханаға жатудан бас тартты.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы ер адамды құтқарғандарға алғыс айтып, жуырда оларды марапаттамақ.