Алматыда тағы 116 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды

0
620

Полисегментті пневмония болуына байланысты екі медицина қызметкерінің жағдайы ауыр. Олармен байланыста болғандар анықталып жатыр.


Алматыда тағы 116 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды

ERNUR.KZ. Алматыда тағы 116 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Жаңадан анықталған 174 адамның 58-і науқаспен байланыста болған азаматтар. Сонымен қатар ішінде балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 1 қызметкері, орталық қалалық клиникалық аурухананың 110 медицина қызметкері, медициналық жедел жәрдем қызметінің 2 қызметкері, №32 қалалық емхананың 1 қызметкері, №11 қалалық емхананың 1 қызметкері, №1 қалалық клиникалық аурухананың 1 қызметкері бар", - деді Әбілдаев.
Айтуынша, қазір Алматыда Covid-19 жұқтырған 295 науқас ем алып жатыр. Жеті науқастың жағдайы ауыр, 41 адам орташа ауыр жағдайда. Ал қалған 247 науқастың жағдайы қалыпты, қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.
Қалада провизорлық орталықтарда 256 адам жатыр, оның ішінде – 12 бала бар. Карантиндік оқшаулауда – 366 адам, үй карантинінде 7 097 адам отыр.
Полисегментті пневмония болуына байланысты екі медицина қызметкерінің жағдайы ауыр. Олармен байланыста болғандар анықталып жатыр.
"Вирусты олар науқастардан да жұқтыруы мүмкін, өйткені олар шұғыл медициналық көмек көрсетуді жалғастырып отырды. Науқастардың ішінде ауру белгілері байқалмағандар да болуы мүмкін", - деді ол.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр.
Соңғы ақпаратқа сәйкес, қазірге дейін Алматыда 346 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Ішінде алты бала, үш жүкті әйел бар.
Қазақстан бойынша науқастардың саны 1 179 адамға жетті. 138 адам жазылып шықты, 14 адам қайтыс болды.