Бұл туралы баланың отбасының адвокаты Инга Иманбай айтты.
Фото: colibri-dent.ru
ERNUR.KZ. Алматыда жеке стоматологияда ем қабылдағаннан кейін үш жастағы баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қайта қозғалмақ, деп жазады inbusiness.kz.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың сәуір айында болды. Үш жастағы баланың севоранмен бірден 20 тісін емдеген. Отбасының айтуынша, дәрігерлер емдеу ісі 4 сағат жүргізілетінін айтқанмен, алты сағатқа созылған. Кейін баланы толық есін жимаған күйде ата-анасына тапсырған.
Үйге келген соң баланың жағдайы нашарлаған. Ата-анасы стоматологияға бірнеше рет хабарласқанымен жеке клиника қызметкерлері "бәрі қалыпты" деп сендірген. Кешке қарай баланың денесі құрыса бастайды. Ата-анасы оны ауруханаға жеткізгенімен дәрігерлер баланы аман алып қала алмады.
Осыдан кейін қылмыстық іс қозғалған, кейін ол тоқтап қалған. Отбасы бұл туралы 2 айдан кейін ғана білген.
Тергеу барысында жүргізілген сараптама қорытындысында баланың өлімі ми ісінуімен асқынған энцефалопатия, бүйрек жеткіліксіздігі және жедел респираторлық вирустық инфекциядан болды деп көрсетілген. Алайда ата-анасы бұл тұжырыммен келіспейді. Себебі операция алдында да, сол күні де бала сап-сау жүрген.
Отбасының шағымынан кейін прокуратура істі қайта қарап, сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы қаулының күшін жойған. Ресми жауапта қылмыстық істің Алматы қалалық полиция департаментіне қосымша тергеу жүргізу үшін қайта жолданғаны айтылған.
Адвокат Инга Иманбай істі тергейтін жаңа тергеуші тағайындалғаннан кейін кешенді, комиссиялық және ситуациялық сараптамалар жүргізуді, сондай-ақ тәуелсіз сарапшыларды тартуды талап ететінін мәлімдеді.


