Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
ERNUR.KZ. Антиваксер Айна Бакеева 10 тәулікке қамауға алынды, - деп жазады Tengrinews.kz.
"Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысы бойынша Айна Бакеева ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі) және 10 тәулік мерзімге қамауға алу түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Қаулыны орындауды сот Шымкент қаласының ПД-не жүктеді, - делінген елордалық соттың баспасөз қызметінің өкілдері.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 26 қазанда Айна Бакеева мен тағы екі әйел Нұр-Сұлтандағы №58 мектеп-гимназиясына келіп, шу шығарған. Олар "мектеп әжетханасында балаға екпе салынды" деп видео түсіріп, директормен кездесуді сұраған. Кейін бұл ақпаратқа қатысты астаналық Білім басқармасының баспасөз қызметі өкілдері пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, №58 мектеп-гимназиясына үш әйел келген.
"Бастапқыда үшеуі де өзін мектеп оқушыларының ата-анасымыз деп таныстырған. Вахтаға тіркелгеннен кейін олар міндетті түрде бетперде тағу және Ashyq қосымшасы арқылы мәртебені тексеру талаптарын елемеген. Бакеева мектеп аумағында жанжал шығарды. Бакеева және бірге келген екі тұрғынның басты мақсаты - мектептерде балаларға міндетті вакцинация жүргізілді деген тақырыппен әлеуметтік желілерде дүрбелең тудыру. Біз мұндай ақпараттың жалған екенін бірнеше рет хабарлағанбыз", - деді ведомство өкілдері.
Ведомство мәліметінше, денешынықтыру сабағынан кейін 9-сынып оқушысының жағдайы нашарлаған.
"Осы кезде мектеп медбикесі оқушыға көмек көрсетті, бірақ Бакеева ережелерді бұзып, өзін оқушыға жіберуді талап еткен. Ол видеоға түсірмеу туралы өтінішті елемеді, ал бұл - баланың құқығын бұзу. Мектептің кезекші дәрігері оқушыға алғашқы көмек көрсетті. Бакеева және онымен бірге жүрген адамдардың дөрекі қылығы ескеріліп, мектепке полиция шақырылды. Олардың заңсыз әрекеті бойынша полицияға арыз жазылды", - деп хабарлаған еді баспасөз қызметі өкілдері.
Ведомство мектептерде балаларға екпе егілетіні туралы ақпарат жалған екенін мәлімдеді.
"Білім беру ұйымдарында балаларға коронавирусқа қарсы екпе салу жүргізілмеді және жүргізілмейді", - делінген хабарламада.