Арнаулы әлеуметтік қызметтердің әлеуетті алушыларын есепке алу және мониторингтеу жөнінде өңірлік картаны өзектендіру жоспарда бар.
ERNUR.KZ. Қазақстанда мониторинг және бақылау тетіктерін енгізе отырып, жаңа тиімді заңнамалық нормативтік актілерді қабылдаудың нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды құқықтық қорғау кеңейтіледі. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері үшін қарым-қатынас стандарттарын, мүдегектігі бар адамдардың өзара іс-қимыл әдебі, оның ішінде есту және көру қабілеті бұзылған адамдар үшін ымдау тілі мен Брайль әліпбиін қоса алғанда, арнайы коммуникация дағдылары бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ол үшін мүгедектігі бар адамдарды құқықтық қорғауды арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыру көзделген. Бұл жайында ҚР tңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ брифингінде айтты.
Арнаулы әлеуметтік қызметтердің әлеуетті алушыларын есепке алу және мониторингтеу жөнінде өңірлік картаны өзектендіру жоспарда бар.
«Арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету сапасын арттыру мақсатында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап осындай қызметтер көрсететін субъектілерді лицензиялау енгізілді. ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті лицензиар болып белгіленді. Меншік нысанына қарамастан, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық субъектілер лицензиялауға жатады. Ағымдағы жылдан бастап халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттау бойынша жаңа тәсілдер қайта қаралып, енгізілетін болады. Бүгінде жүйелеу және есепке алу үшін әлеуметтік қызметкерлердің арнайы тізімілімі жасалды. 12 167 әлеуметтік қызметкердің 11 616-сы оқып, 9429 адам сертификат алды. Ұлттық ғылыми орталық базасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы кәсіптік біліктілікті тану орталығы құрылды», – деді спикер.
Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілік деңгейлері бойынша білім беру модульдері әзірленді. Өңірлер деңгейінде бейінді біліктілігі жоқ қызметкерлерді қысқа мерзімді оқыту үшін еліміздің 14 ЖОО-мен меморандумдар жасалды.
Әлеуметтік қызметкерлерге 8 деңгей бойынша кәсіптік стандарттар бекітілді. Әлеуметтік салада қамқоршылық институтын дамыту жоспарда бар. Одан бөлек, халықты әлеуметтік қорғау саласында 16 орталықта оңалтудың цифрлық күнделігін кезең-кезеңімен енгізу басталады. Сондай-ақ волонтерларды тарту мәселесі де пысықталмақ.
Үлгілік жобалық-сметалық құжаттама негізінде, оның ішінде мемлекеттік - жекешелік әріптестік тетіктерін қолдана отырып, 16 оңалту орталығының құрылысы аяқталады. Бүгінде 9 оңалту орталығының төртеуі Семей, Тараз, Кентау, Орал қалаларында пайдалануға берілді. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Ұлытау облыстары және Шымкент қаласында құрылыс жүргізілуде.