Астанада бейтаныс қызға көмектеспек болған ер адам 6 жылға сотталды

0
250

Ол соққыға жығылған қызға араша түскен.


Астанада бейтаныс қызға көмектеспек болған ер адам 6 жылға сотталды

ERNUR.KZ. Астанада қоғамдық орында ер адамның басқа азаматқа қол жұмсауы ауыр қылмыс ретінде бағаланып, ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оқиға сауда ойын-сауық орталығының алдында болған. Алкогольді ішімдік ішкен азамат Б. жерге құлаған бейтаныс қызды байқап, оны орнынан тұрғызады. Осы сәтте қызға көмектеспек болған жәбірленуші Г. есімді азамат жақындағанда, Б. ешбір себепсіз оның басынан шынтағымен ұрып, ауыр жарақат келтіреді.

«Сотта Б-ның кінәсі видеобақылау камерасындағы жазба, куәгерлер мен жәбірленушінің айғақтары арқылы дәлелденді», – делінген ресми мәліметте.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлігі, 7-тармағы бойынша (бұзақылық ниетпен қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) кінәлі деп таныды.

«Прокурор 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал қорғаушы тарап пен жәбірленуші жазаны жеңілдетуді өтінген. Г. есімді жәбірленуші келтірілген шығынның толық өтелгенін айтып, сотталушыға кешірім берген», — делінген хабарламада.

Дегенмен, қылмыстың мас күйде жасалуы ауырлататын жағдай ретінде есептеліп, сот Б.-ға 6 жылға қауіпсіздігі орташа мекемеде жаза өтеу туралы үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енді.