Ата-аналар мен педагогтердің балалармен сенімді қарым-қатынас орнатуы маңызды - ҚР Оқу-ағару министрлігі

0
156

Әр өңірдегі білім беру ұйымдарында Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ата-аналар, мектеп және колледж оқушылары жүгіне алатын психологиялық қолдау орталықтары құрылды.


Ата-аналар мен педагогтердің балалармен сенімді қарым-қатынас орнатуы маңызды - ҚР Оқу-ағару министрлігі

ERNUR.KZ. 2024 жылы кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз түнде серуендеу жағдайлары көбейді. 98 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, әр өңірдегі білім беру ұйымдарында Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ата-аналар, мектеп және колледж оқушылары жүгіне алатын психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Тек 2024 жылы орталықтарға 600 мың өтініш келіп түсті.

«Сонымен қатар әр мектепте балалар мен ата-аналар арасындағы байланысты қолдау үшін ата-аналарға психологиялық, педагогикалық қолдау көрсету орталықтары бар екенін хабарлау маңызды. Сондай-ақ байланыс орталығы жұмыс істейді, әрбір білім беру ұйымында QR-код орнатылған. 2025 жылдың 4 айында ғана балалардан 70 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Отбасындағы, көшедегі зорлық-зомбылық туралы 300-ге жуық қоңырау түсті», – деді Насымжан Оспанова.

Оның айтуынша, балалар отбасы ішіндегі ата-ана жауапкершілігінің төмендеуіне байланысты осындай жағдайға тап болады.

«15-17 жас аралығындағы балалар туыстарымен ашық сөйлесуден қорқады. Сондықтан бұл шаралар өте тиімді. Өткен жылы біз ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балалардың интернет кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты «Kazakhstan Kids Online» зерттеуін жүргіздік. 1200 бала зерттелді. Әрбір 10-шы бала белгісіз адамның өтініші бойынша өз суреттерін жіберді. Әрбір 11-ші қыз бейтаныс адамдармен кездесуге барған. Балалардың 3%-ы белгісіз адамдармен қарым-қатынаста болды. Бұл ата-аналарға, тәрбиешілерге балалармен байланыс орнату, сенім арту, анамен және әкемен жылы қарым-қатынаста болудың маңызды екенін көрсетеді. Біз үшін бұл басым мәнге ие», – деп толықтырды Насымжан Оспанова.