Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
ERNUR.KZ. Атырау облысындағы ауданның бұрынғы әкімі әйелін ұрып-соққаны үшін сотталды, деп жазады tengrinews.kz.
Атырау №2 сотында ауданның бұрынғы әкімі И.Р.-ға қатысты кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы).
"2023 жылғы 31 мамырда Атырауда пәтерде И.Р. және оның әйелі У.А. арасында жанжал болған. Жанжал кезінде И.Р., жәбірленушінің өзіне материалдық тәуелділігін пайдаланып, осы негізде жанжал шығарып, әйелі У.А-ны оң иығынан ұстап, есікті жауып, бөлмеге кіргізген. Ешкімнің кедергі жасамайтынына көз жеткізіп, денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында У.А.-ны еденге құлатқан және сол жақ санынан бірнеше рет тепкілеген, соның салдарынан жәбірленуші У.А. 5-омыртқасының сынуы түрінде, ығысусыз орташа ауырлықтағы зақым алған", - делінген хабарламада.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтары, сараптама қорытындысы және басқа да дәлелдемелермен дәлелденген.
Жәбірленушінің 20 миллион теңге моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, И.Р. жәбірленуші У.А-ның пайдасына 2 миллион теңге моральдық зиянды өтейтін болды.
"Қылмыс жасалған кезде қолданыста болған ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағының санкциясы 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары түріндегі жазаны сол мөлшерде, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Бұл қылмыс заң бойынша орташа ауырлық дәрежесіне жатқызылады. Сотпен жаза түрін таңдау кезінде И.Р.-ның бұрын соттылығы жоқтығы, мінезі оң сипатталғаны ескерілді. Сот үкімі бойынша, И.Р.-ға 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.