Полиция департаменті оқиғаның 5 қыркүйекте болғанын айтты.
ERNUR.KZ. Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында болған жаппай төбелеске қатысты полиция түсініктеме білдірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан бірін-бірі айғайлай балағаттап, тас пен бөтелке лақтырысқан жастардың аяусыз төбелесін көруге болады.
Аталған оқиғаға қатысты пікір білдірген облыстық полиция департаменті оқиғаның 5 қыркүйекте болғанын айтты.
«5 қыркүйекке қараған түні, яғни сағат 22.00 шамасында Жылыой ауданы Құлсары қаласының орталығында, көпқабатты үйлердің бірінің маңында расымен де бір топ адам арасында төбелес болды», - деді ведомство һкілдері.
Жергілікті полиция қызметкерлерінің жедел іс-шараларының нәтижесінде төбелеске қатысқандардың барлығы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
«Аталған дерек бойынша тергеу басталды. Ауруханаға жеткізілген және зардап шеккендер жоқ», - делінген ПД хабарламасында.