Ел көлеміндегі өнеркәсіп саласы өнімдерінің төрттен бірі Атырау өңіріне тиесілі.
Өткен жылы Атырау облысындағы жалпы өңірлік өнім көлемі 315 миллиард теңгеден асып, бұл көрсеткіш жан басына шаққанда 9,6 миллион теңгені құраған. Ал, салық пен басқа да түсім көлемі 4,8 триллион теңгеге жетіп, оның 2,3 триллион теңгесі ел қазынасына, қалған бөлігі ұлттық қорға аударылған. Сонымен қатар, былтыр өңірде өнеркәсіп саласындағы өнім көлемі 9 триллион 135 миллиард теңгеден асса, тау-кен өнеркәсібінде 8 446,4 және өңдеу саласында 563,8 миллиард теңгенің тиауары өндіріліпті. Сәйкесінше, ел көлеміндегі өнеркәсіп саласы өнімдерінің төрттен бірі Атырау өңіріне тиесілі болған.
Сондай-ақ, былтыр облыс экономикасына 2,4 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылып, бұл елімізге салынған инвестиция көлемінің шамамен 18 пайызын құраған. Оның ішінде, 2023 жылы теңіз табанын тереңдету және полипропилен өндірісі жобалары іске асырылған. Сонымен қатар, өткен жылы облыс аумағында үш бірдей ірі жоба бастау алған. Оның бірі жалпы құны 76 миллиард теңгені құрайтын жүк вагондарын шығару жобасы. Бір жылда алты мың вагон өндіруге қуаты жететін кәсіпорын 2026 жылға дейін жүзеге асырылып, 170ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Ал, екіншісі – құны 18 миллион АҚШ долларына тең болатын, үш мың тонна газ сақтауға болатын және алпыс жұмыс орны ашылатын газ сақтау қоймасы. Үшіншісі – жыл сайын 1300 тоннадан астам көкөніс өндіруге қуаты жететін жылыжай кешені. Құны сегіз миллиард теңгені құрайтын жоба іске асырылса, алпыс адам жұмыспен қамтылмақ.
Тағы бір ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш – Атырау өңірінде агроөнеркәсіпке салынған инвестиция көлемі төрт есе көбейген. Нақтырақ айтсақ, 4,3 миллиард теңге құйылған. Нәтижесінде, өнім көлемі алты миллиард теңгеге көбейген. 200 мың тоннаға тарта өнім жиналып, шаруаларға 4,5 миллиард теңге субсидия беріліпті. Одан бөлек, өңірдегі мал дәрігерлерін көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 577,7 миллион теңге қаралып, қырықтан аса автомобиль сатылып алынған. Балық өсіру бағытына да ерекше көңіл бөлініп, тың технологиялар қолданылып жатыр.
Өңірде инфрақұрылым саласына да мән беріліп, 800 шақырымға жуық электр желісін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде теміржол бойындағы 13 бекеттегі желілер жаңарады деп жоспарланған. Тиісінше, өткен жылы өңңірде 250 шақырым электр желісі жаңартылған. Биыл да жалпы қашықтығы 250 шақырымнан асатын жүйені жаңғырту көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Атырау облысына қарасты екі қала мен 140-қа жуық елдімекен тұрғындарының 99,8 пайызы көгілдір отын тұтынады екен. Қазіргі уақытта тағы алты ауылға табиғи газ тартылуда. Оған қоса, осыдан отыз жыл бұрын пайдалануға берілген «Финская» газ тарату нысанының тозуына байланысты қайта құру жұмыстары жүргізілмек.
Ал, кәсіпкерлік саласын жандандыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өңірде 140-қа жуық жобаға жеңлдетілген несие берілген. Оған қоса, бюджеттен бір миллиард теңге қаралып, сексен бір кәсіпкерге қаржы төлінген. Одан бөлек, бюджеттен 12,3 миллиард теңге бөлініп, іске асырылатын жобалар арқылы бес жүзден астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Атырау облысында өткен жылдың соңына дейін 1 700-ден аса балаға лайықталған алты балабақша жұмысын бастаған. Осылайша балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту көрсеткіші 90 пайызға жуықтаған. Жалпы, бүгінгі таңда өңірдегі жетпістен астам ұйым 50 мыңға жуық балаға қосымша білім беру жұмысын атқарып келеді.
Сонымен қатар, былтыр өңірде он екі мыңнан астам оқушыға лайықталған оннан аса мектеп пайдалануға берілген. Оған қоса, «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында 15 мыңнан астам орынға лайықталған тоғыз мектептің құрылысы басталған. Ал биыл 10 мыңға тарта оқушы сыйатын үш мектептің іргетасы қаланып, келер жылы қолданысқа берілмек. Сонымен бірге, елу мектеп ғимараты қайта жаңғыртудан өткізіліп, үш білім ұясында күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады. Осы орайда, оқушылар үшін қауіпсіз тасымалды ұйымдастыру үшін жиырмадан аса автобус алынғанын да айта кету керек.
Өткен жыл түйінделер тұста облыс басшысы Жылыой ауданына барып, мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған көпқабатты тұрғынүй пәтерлерінің иелерімен жүздескен еді. Мұндағы баспаналар көпбалалы жанұяларға және әлеуметтік санаттарға кіретін азаматтарға берілген. Жалпы аумағы 6500 шаршы метрді құрайтын кешеннің әр нысанында бір, екі және үш бөлмелі жүз пәтерден бар. Оныңекі және үш бөлмелі 22-і көпбалалы отбасыларға және 15-і қамқорлықсыз қалған балаларға табысталды. Сонымен бірге, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен мүгедек бала бағып отырға отбасылар, күрделі ауруға шалдыққан науқастар мен түрлі соғыстың ардагерлері де пәтер алды.
Жылыойдағы тағы бір жаңалық – жыл басында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында «Сергек» бейнебақылау камералары іске қосылды. Жалпы, аудан аумағында 500-ден астам амера, 150-ден аса айналмалы камера орнатылған. Камералар көлік жылдамдығы, бағдаршамдағы қозғалыс сынды жол ереджелерінен бөлек, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға да ықпал етпек.
Биылғы жылдың басында өңңірдегі перзентханада шала туылған сәбилерді оңалтуға арналған орталық ашылды. Бір ерекшелігі – мұнда көзге лазерлік фотокоагуляциялық ота жасау немесе луцентис енгізу арқылы емделетін ретинопатия ауруын анықтауға мүмкіндік бар. Өткен жылы елімізде бір жарым мыңнан астам бала осы диагнозбен өмір есігін ашқан екен.
Сондай-ақ, биыл Атырау облысында екі мың адам сыйатын концерт залы және мұражай құрылысы басталады деп жоспарланған. Қазір қажетті құжаттар жасалып жатыр екен. Концерт залын салуға 5 гектардан аса жер бөлінген. Жалпы құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталмақ. Ғимараттың бірінші қабатында кең кіреберіс, киім ілу бөлмесі, екі қойма мен бір үлкен жиналыс орны болады. Екінші қабатында концерт өткізуге арналған залдар, мұражай жәдігерлері кеңістігі мен өзге де бөлмелер болады. Киім ауыстыратын бөлмелер, оркестр орналасатын шұңқыр, автотұрақ секілді қажеттіліктер де қарастырылған.
Биыл облыс орталығында 12 000 жанкүйер қабылдай алатын жаңа стадион да салынбақ. Қазір әкімдікке қарасты басқарма тапсырыс берген нысанның жобалық-сметалық құжатын әзірлеу бағытында мемлекеттік конкурс жүргізіліп жатыр. Жалпы спорттық нысан 8 гектарға жуық жерге салынады. Ғимараттың жалпы көлемі 35 мың шаршы метрге тең.
Б.Мейірханұлы,