Атырауда азаптау дерегі бойынша бес полиция қызметкері сотталды

0
655

Сотталушылардың кінәсі дәлелденді.


Атырауда азаптау дерегі бойынша бес полиция қызметкері сотталды

ERNUR.KZ. Атырау қаласының №2 сотында азаптау және азаптауға жәрдемдесу айыбымен бес полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Үш полиция қызметкері А., М. және Ж. қылмысты ашу және полиция бөліміне жеткізілген азамат К.-дан мойындау айғақтарын алу мақсатында ұрып-соғу және тұншықтыру арқылы жәбірленушіге тән азабын келтірген. Сол қызметтік кабинетте болған С. және Т. азаптауды тоқтатпай, әрекетсіздік таныту арқылы азаптауға жәрдемдескен», - делінген облыстық соттың хабарламасында.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, қалалық полиция бөлімінің ғимаратында алынған бейнежазбалармен, заттай дәлелдемелермен, сот-медициналық, сот-молекулярлық-генетикалық, сот-психологиялық-психиатриялық сараптамалардың қорытындыларымен және тағы басқа өз дәлелін тапты.

«Сот А.,М.,Ж.-ны азаптау бойынша кінәлі деп таныды (ҚК-тің 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы), С., Т.-ны азаптауға жәрдемдесу бойынша (ҚК-тің 28-бабының 5-бөлігі, 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы) кінәлі деп таныды. Оларға құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 3 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Олардың асырауныда жас балалардың болуына байланысты сот жаза тағайындау барысында жазаны жеңілдетті. Ал ауырлататын мән-жай ретінде қабылдаған антты бұзуы айтылды», - деп мәлім етті баспасөз қызметіндегілер.

Жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.