Атырауда шалғай ауыл тұрғындары вакцина бекетіне пойызбен тегін жеткізіліп жатыр

0
547

Облыстың шалғай ауылдарындағы жұртшылықты вакцинамен қамту үшін ҚТЖ-мен бірлескен жобаны қолға алдық.


Атырауда шалғай ауыл тұрғындары вакцина бекетіне пойызбен тегін жеткізіліп жатыр

ERNUR.KZ. Атырау облысында шалғай елді мекен тұрғындарын вакцинамен қамту үшін пойызбен тегін тасымалдау қызметі қосылды. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мәлім етті, деп жазады inform.kz


«Облыстың шалғай ауылдарындағы жұртшылықты вакцинамен қамту үшін ҚТЖ-мен бірлескен жобаны қолға алдық. Ол бойынша шалғай елдімекен тұрғындары жақын маңдағы вакцина бекетіне пойызбен тегін жеткізіліп отыр», - деді Б. Хаменова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, әкім орынбасары халықты вакцина алуға ынталандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.

«Облыстық әкімдіктің қолдауымен «Азаматтық Альянс» үкіметтік емес ұйымы 30 маусымнан бастап вакцина алған тұрғындар арасында ақшалай ұтыс ойнату шарасы өтіп жатыр. Осы орайда жергілікті кәсіпкерлердің рөлін ерекше айтып өту керек», - дейді ол.

Спикер ұсынған статистикаға сүйенсек, облыста вакцина алған азаматтар арасында жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгеге ұтыс ойнатылған. Оның ішінде басты жүлдеге 10 миллион теңге тігілген.


Одан бөлек, екпе алған халық арасында 200 мың теңгенің 60 сертификаты, 1 млн теңгенің 6 және 3 млн теңге тұратын 2 сертификат ойнатылған.