Табиғатты қорғау саласының басым бағыты – қауіпті қалдықтар айналымына тұрақты қадағалау жүргізу.
ERNUR.KZ. Атырау облысындағы мұнай компаниясына 13,6 млрд теңге айыппұл салынды. Өндірілген айыппұл Ұлттық қорға аударылды, деп жазады inform.kz.
Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, табиғатты қорғау саласының басым бағыты – қауіпті қалдықтар айналымына тұрақты қадағалау жүргізу.
«Мәселен, «Каспий нефть» АҚ-ның 2021-2022 жылдары бұрғылау және кен орнын пайдалану кезінде 4500 тоннадан астам қауіпті қалдықтарға жинақталу лимитін алмағаны анықталды. Прокурордың ұсынысын қарау нәтижесі бойынша Атырау облыстық сотының сот алқасының 2 шілдедегі қаулысымен «Каспий нефть» АҚ ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13 684 868 730 теңге айыппұл салынды», – деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Прокуратураның принципті ұстанымы нәтижесінде әкімшілік айыппұл бюджетке өндірілді. Айыппұл қаржысы толығымен Ұлттық қорға аударылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ауаны ластайтын қалдықтардың басым бөлігі 4 компанияның үлесіне тиесілі екенін жазған едік.
Сондай-ақ, Атырау облысында жер қойнауын пайдаланушыға 12,2 млрд теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.