«АУЫЛ АМАНАТЫ»: Ауқымды бағдарламаның Түркістан өңіріне тигізген әсері қандай?

0
713

Өңірдегі кедейшілікте өмір сүріп жүрген адамдардың азаюына аталған бағдарламаның септігі тиді ме?


«АУЫЛ АМАНАТЫ»: Ауқымды бағдарламаның Түркістан өңіріне тигізген әсері қандай?

Қазіргі таңда ел аузында жүрген «Ауыл аманаты» жобасы енді ғана пайда болған бағдарлама емес. Бірнеше жыл бұрын бірер облыста сынақтан өткізілген. Ал, 2023 жылы республика көлемінде пилоттық режиммен енгізілді. Осылайша, еліміздегі мыңдаған азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, ойларында пісіріп жүрген ауыл шаруашылығына қатысты бизнес-жобаларын іске асыра бастады. Бағдарламаның өсімдік, мал шаруашылығы, құс және балық ісі, техникаларды алу және жеке кәсіп ашу сынды алты бағыт бойынша жүзеге асырылып, 2,5 пайыздық несиенің бес жылға берілетіндігі де тиімділігін көрсетті деп айта аламыз. Әсіресе, Түркістан облысының тұрғындары үшін 20 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, мыңдаған адам бағдарламаның игілігін көріп жатыр.


Дәлірек айтсақ, 2023 жылы бағдарлама шеңберінде күнгей өлкеге 19,8 миллиард теңге қаржы бағытталып, үш мың екі жүзден аса жоба қаржыландырылыпты. Нәтижесінже үш жарым мыңға тарта жаңа жұмыс орны құрылып, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін сыйлаған. Оның ішінде бройлер ет өнімін өндіру, балық шаруашылығын ілгерілету, наубайхана ісін дөңгелету, асылтұқымды мал асырап, ет көлемін ұлғайту сынды көптеген кәсіпорындар ашылған.


Мәселен, Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе елді мекенінің тұрғыны Оспанов Бақытжан бағдарлама аясында 27,6 миллион теңге несие алып, «Майтөбе сүт» деп аталатын кооператив құрған да, жалпы 45 миллион теңгеге жуық қаржыға сүт өңдейтін цех ашқан. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, бұл жерде бір тәулікте екі жарым тоннаға дейінгі өнімді өңдеуге болады екен. Аталған коопреатике өңір басшысы да барып, өнімдерді терең өңдеу бағытына басымдық беру қажеттігін айтқан болатын. Оған қоса, жергілікті билік сапалы әрі көлемді өнімді шет мемлекеттерге шығаруға көмек көрсететінін жеткізген. Сәйкесінше, аталған кәсіпорында сүт, май, айран, сүзбе сынды өнімдер әзірленіп, арнайы тауар белгісімен нарыққа шығарылатын болады. Мұнда екі ауысыммен жиырмадан астам тұрғын еңбек етеді екен.


Ал, кенді қала – Кентаудың Азизова Муаттар есімді тұрғыны бағдарлама арқылы 7,7 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, Қарнақ ауылынан кондитерлік өнімдер дайындайтын кәсіпорын ашқан. Аталған салада там-тұмдап кәсіп жасап жүрген ол қаржының басым бөлігіне қажетті жабдықтар сатып алған. Осылайша кәсібі кеңейіп, тұтынушылары да көбейген ол жақын арада наубайхана жұмысын да жолға қоюды жоспарлап отыр. Кәсіпкердің айтуынша, жаңа жабдықтардың арқасында күн сайын он келіден астам бәліш, екі жүз данаға жуық самса және түрлі кондитерлік өнімдер әзірлеп жатыр екен. Дегенмен, бұл өнім көлемі жергілікті тұрғындардың өзінен артылмайтын көрінеді. Яғни, кәсібін кеңейтсе, өзге елді мекендерді де қамтымақ ниетте.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін тиімді пайдаланған саурандық Муминов Жасур балық шаруашылығына ден қойыпты. Ибаталық кәсіпкердің құны 8,5 миллион теңгені құрайтын бұл ісі 240 шаршы метр аумақта жүзеге асырылып жатыр. Төрт бірдей арнайы бассейн дайындап, жұмыспен қамылған бес тұрғын форель балығын өсіріп отыр. Олардың да ойында – кәсіпті кеңейту идеясы бар.


Осы ретте, бүгінде өңірде балық шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқандығын атап өту қажет. Айталық, осыдан үш жыл бұрын облыстағы жасанды жолмен өсірілетін балық көлемі алты мың тоннаға жетер-жетпес болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 6600 тоннадан асып жығылған. Бұған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың оң әсерін тигізіп жатқандығы айқын. Яғни, кәсіпкерлерге өнім көлемін арттыру үшінде, балыққа қажетті жем-шөпті алуға да, техниканы жаңартуға да, шығындарды өтеуге де субсидиялар беріліп жатыр. Тиісінше, өткен жылы өңірде жиырмадан астам жаңа балық шаруашылығы іске қосылып, жетпіске жуық жұмыс орны құрылған. Мемлекет қарамағындағы су айдындары да кәсіпке шынайы бет бұрғандарға кедергісіз беріліп келеді. Ал, «Ауыл аманаты» аясында былтыр отыздан астам кәсіпкерге 250 миллион теңгеге жуық жеңілдетілген несие берілген.

Соның арқасында бұған дейін балық шаруашылығына енжар қарайтын Жетісай ауданының өзінде аталған салаға деген қызығушылық арта түскен. Мысалы, Жетісайлық Маханов Өмірзақ есімді азамат осы уақытқа дейін мал өсіріп, егін егумен ғана айналысып, жақын арада өз қаржысына бес жүз мың дана балық өсіру ісіне кіріскен екен. Енді «Ауыл аманаты» бағдарламасымен танысып, жеңілдетілген несие алуға әрекет жасамақ. Осылайша он сотық жерді алып жатқан бассейндерінің көлемін елу сотыққа жеткізуді көздеп отыр. Бұл біз айтып отырған бағдарламаның тиімді тұстары көп екендігіне тағы бір дәлел десек, қателеспейміз.


Облыстағы өндіріске бейім тағы бір өңір – Ордабасы ауданында да «Ауыл аманатымен» кәсіп ашқандар саны көп екен. Нақтырақ айтсақ, былтыр ауданға қарасты төрт ауылдық округтің тұрғындарынан төрт жүзге тарта өтініш түсіп, оның 250-ден астамы мақұлданған. Жалпы 1 миллиард 500 миллион теңгеден астам несие берілген жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамыту бағытына арналған екен. Өсімдік, өз кәсібін дамыту бағыттары да мықтап қолға алынған. Ауыл шаруашылығы саласына қажетті техникаларды сатып алу жобалары да жүзеге асырылыпты.

Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алған сарыағаштық Амантай Андасов пластик жабдықтар шығаратын цех ашқан. Сөйтіп, өз қаржысы мен жеңілдетілген несие қаржысын қосып, Қытай елінен бірнеше құрылғы әкеліп, іске қосқан. Мұнда жұмыс істейтін жиырмадан аса қызметкер бір күнде төрт мың дана пластик жәшік әзірлейді екен.


Саурандық тұрғын Муслимов Альберт болса, 7 миллион теңге несие алып, шағын кәсіпорында кондитерлік өнім дайындау ісін қолға алыпты. Өз қалтасынан да қаржы шығарып, Иран елінен арнайы аппараттар алдырыпты. Оған қоса, ауыл тұрғындарын осы кәсіпке баулып, он адамды жұмысқа қабылдаған екен. Ал, өндіріске қажетті шикізаттардың басым бөлігін өз ауылындағы азаматтардан сатып алатын көрінеді. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, жиырмаға жуық азаматты жұмыспен қамтымақ.

Ал, мақтааралдық тұрғындар жаңа технологияларды меңгеріп, тиімділігі мол бағдарлама арқылы су үнемдеу саласын жандандырмақ. Өңір шаруаларымен кездескен облыс басшысы Дархан Сатыбалдының айтуынша, бұл саланы ілгерілетуге де «Ауыл аманаты» бағдарламасының септігі тиеді. Осылайша, диқандар алдағы уақытта бір жағынан суды үнемдеп пайдаланып, екінші жағынан өнім көлемін арттырмақ.

Бірер күн бұрын өңір журналистерімен жүздесіп, баспасөз жиынын өткізген аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтің айтуынша, Түлкібас ауданында да аталған бағдарлама табысты болып, екі жүзден астам жобаға 1 миллиард 400 миллион теңгеге жуық жеңілдетілген несие беріліпті. Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмай, алдағы екі жылда жалпы құны 10 миллиард теңгеге жуық оннан астам жоба жүзеге асырылып, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылмақ.


Қорыта айтсақ, Түркістан облысының тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына ерекше қызығушылық танытып келеді. Осылайша, ауылдық жерлердің тұрғындары өздері қадаған кәсіпті ашуға қол жеткізіп қана қоймай, өңірдегі әлеуметтік ахуалдың түзелуіне де үлес қоспақ.


Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – ендігі кезекте ауылдардың ғана емес, шағын қалалардың тұрғындары да аталған бағдарлама арқылы несие алмақ. Бұл тұрғыда бағдарлама арқылы бөлінген қаржының жартысынан аспайтын бөлігі балық, құс және мал алуға бағытталмақ. Ол үшін ел қазынасынан 13,2 миллиард теңге бөлініп, алпыстан астам елді мекенде кооперативтер құрылады деп жоспарланған. Жалпы, екі жарым мыңнан астам жобаға қаржы қаралып, төржарым мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Осы орайда, өңір басшысы бірер күн бұрын жауапты мамандар, аудан басшылары мен қаржы ұйымдары мамандарының басын қосып, бағдарламаны жан-жақты зерделеу, жаңа әрі озық технологияларды қолданысқа енгізу, шаруашылыққа қолайлы жерлерді белгілеу жұмыстары бойынша тапсырмалар жүктеді. Облыс басшылығының ақпаратына сүйенсек, ендігі кезекте несие алушыларға мейілінше жаңа жұмыс орындарын құру жұмысы да тапсырылады екен. Одан бөлек, берілген ақшаға жеңіл көлік сатып алуға және несиеге ие болғандардың тауарды ағайын-туыстарынан сатып алуларына шектеу қойылатын көрінеді. Сәйкесінше, бұл өзгерістер нақты нәжеге бастайды деп ойлаймыз. Сонымен қатар, облыс басшысы тың жобаларға көңіл бөлу, әрбір ауданның өзіндің брендін орнықтыру, бизнес-жобаларды түрлендіру жұмыстарына басымдық беруді жүктеді. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, аталған жоба өңірде іске қосылғалы бері үш мыңнан астам жобаға қаржы беріліп, жетпістен астам коопреатив пайда болған. Одан бөлек, жылыжай көлемі артып, жиырмадан астам жаңа техника алынған екен. Оған қоса, ет бағытындағы ірі қара мал басы алты мыңға жуықтаса, сүт бағытындағы ірі қара мал саны жиырма екі мыңнан, жылқы саны екі жарым мыңнан, ұсақ мал басы он төрт мыңнан асқан. Бағдарламаның халық арасында тәтпіштеп түсіндірілуінің арқасында шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар көбейіп, елдің тұрмысы, ауыл шаруашылығы өкілдерінің экономикалық жағдайы, агрокешеннің ахуалы түзеле бастаған.


Сөз орайы келгенде, Түркістан өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласына тікелей жауапты облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы айтқан сөздерге де тоқталып өтсек. Оның сөзіне сүйенсек, былтыр бұл бағытта мардымды жұмыс жүргізілгенімен, бірқатар кемшіліктер де орын алған екен. Сонымен қатар, әкім орынбасары биыл жаңа жұмыс орындарын ашуға, бағдарламаға қатысатын әрбір округтен әртүрлі өнім шығаруға, бағыттарды әрбір ауылдың климаты мен бейіміне қарай таңдауға, қаржыны уақытынан кешіктірмей беруге, жалпы өткен жылғы кемшіліктерге жол бермеуге көңіл бөлу керектігін жеткізді.


Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 2023 жылы азаматтарды несиемен қамтамасыз теу мақсатында «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біріге жұмыс атқарған. Нәтижесінде өңірге бөлінген жиырма миллиард теңгеге жуық қаржы толық игеріліп, бекітілген жоспардың орындалу көрсеткіші 103 пайызды құрапты.

Сонымен қатар, жауапты мамандар тарапынан берілген қаражаттың өз мақсатына қолданылуы да бақыланып, мониторинг жұмыстары шеңберінде кемшіліктер әшкереленіпті. Дегенмен, бірден шара қолданылмай, қателікті түзету үшін әрбір ереже бұзушыға бір ай мерзім берілген екен. Соның өзінде, бес-алты несие алушы талапты орындамай, енді олардың ісін несие комитеті қарап жатыр екен. Тағы бір еске аларлық ақпарат – 2024 жылы өңірдегі алпыс екі ауылдық округке қарасты елді мекендер жобаға қатысуға мүмкіндік алады. Одан бөлек, барлық ауылдық округтен өндірістік кооператив құру көзделген.


Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай Түркістан өңірінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланып, кәсіп бастап жатқан тұрғындар саны күн санап көбейіп келеді. Ал, өткен жылы республикалық бюджеттен бағытталған 19,7 миллиард теңге үш мың екі жүзден астам өтініш берушіге үлестірілген. Нәтижесінде үш жарым мыңнан асам жаңа жұмыс орны құрылған.


Соның арқасында, ауылдық елді мекендерде екі қолға бір күрек таппай жүргендердің саны азайып, ауыл халқы тұрақты табысқа қол жеткізіп, уақыт өте келе кәсіпорныдар кеңейе түсіп, Түркістан облысындағы агрокешеннің ауқымы ұлғайып келеді.


Осы ретте, аталған бағдарламаны жүзеге асыруға ел президенті Қ.К.Тоқаевтың ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған ұзақмерзімді тұжырымдама туралы Жарлығы да ықпал етіп жатқанын атап өту қажет. Өйткені, сол Жарлықтың негізінде ауыл азаматтарының тіршілігін түзетіп, көптеген қордаланған мәселелерді шешуге септігі тиетін «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылып келе жатыр.