Аягөзде трактормен бірге суға кеткен 2 адам өзенге өздері кірді – ТЖМ

0
456

Ведомство қайғылы жағдайды топан сумен байланыстырып отырған жоқ.


Аягөзде трактормен бірге суға кеткен 2 адам өзенге өздері кірді – ТЖМ

ERNUR.KZ. Трактордағы екі адамның жоғалуы су тасқынына байланысты емес. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Журналист Абай облысының Аягөз ауданында трактормен бірге суға кеткен екі адам туралы айтты. Ол спикерден "Осындай жағдайда 10 сағат бойы бара алмауларыңыздың себебі неде?" деп сұрады.

"Трактордағы екі адамның жоғалуы негізінен су тасқынына байланысты емес. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Олар жолды қысқарту үшін тасып жатқан өзенге өздері кіріп отыр. Демек, судың ортасында бірдеңе қалып кеткен жоқ. Трактормен өзі суға кіріп отыр. Неге бара алмағанымызға келетін болсақ, 10 сағат деген енді көп айтылған шығар. 10 сағат өткен жоқ. Көп жерде өрт болып жатқан кезде азаматтарымыз "өрт сөндіру бөлімі өте ұзақ келе жатыр" деп айтады. Бірақ сол жерде санаулы минуттар өтіп жатады. Мұнда да тура осындай. Ол жерге ұзақ жетуіміздің себебі – бүкіл өзендердің бойы мен сулардың көздерінде құтқарушыларымыз дайын болған жоқ. Оған жетуге уақыт керек. Сондықтан оған ең жақын жерде тұрған құтқарушыларымызды жібердік. Тік ұшақтармен де жағдай осындай", - деп жауап берді ТЖМ өкілі.

Сөзінше, тілсіз жаумен азаматтар да күресуді білуі тиіс.

"Тасып жатқан су болатын болса, азаматтарымыз ол суға кірмеуі керек. Оның күресі сонда. Ең бірінші адам өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарау керек", - деп толықтырды спикер.