Осы мәселе бойынша сарапшылар миссиясы Қазақстанға келді.
ERNUR.KZ. Кәріз тазарту қондырғыларын салу және қайта жаңарту бойынша бірлескен жобаларды дайындау аясында Азия даму банкінің сарапшылар миссиясы Қазақстанға келді, деп жазады sputnik.kz.
Келгендердің арасында ағынды суларды тазарту саласында халықаралық тәжірибесі мол сарапшылар Патрик Лорин, Антонио Порчеду, Эдуард Чил-Акапян бар, деп жазылған хабарламада.
Екіжақты кездесу барысында "Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы" АҚ басқарма төрағасы Әділхан Өмірбаев жобаларды тиімді жүзеге асыру, сондай-ақ жаңа құрылымдардың параметрлерін оңтайландыру мәселелерінің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар энергия тиімді жаңа технологияларды тарту, қазақстандық үлесті қамтамасыз ету, ағынды суларды қайта пайдалану және балшықты тұнбаларды қайта өңдеу мәселелерін талқылады.
"Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы" жергілікті атқарушы органдар мен табиғи монополиялар субъектілерін халықаралық қаржы ұйымдарының ережелері бойынша сатып алу негіздеріне оқытуды ұйымдастыруды ұсынды.
Миссия өкілдері мәселемен егжей-тегжейлі танысу үшін Балқаш, Сәтбаев, Жезқазған және Степногорск қалаларына барады.