ІІМ мәліметіне сәйкес, жалпы республика бойынша 50 елді мекенде 1500-ден астам үйді су басқан. 3800-ден астам адам көшірілді. Су тасқынының себептері — күннің жылдам жылынуы мен жауын-шашынның нормасынан 3 есеге артық жаууы. Қабылданған шаралардың арқасында судан 1100 үй босатылды, 2700-ден астам адам үйлеріне оралды.
фото: primeminister.kz
Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны мәселесін қозғады,-деп хабарлайды primeminister.kz.
Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің соңғы өткен отырысында Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны мәселесі қаралып, жағдайды бақылауда ұстау және зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсету туралы тапсырмалар берілгенін еске салды.
Шығыс Қазақстан облысындағы қазіргі жағдай, қабылданған шаралар мен зардап шеккендерге көрсетіліп жатқан көмек, соның ішінде уақытша қоныстандыру орындарында медициналық және басқа да тұрғын үй–тұрмыстық қолдау шараларын ұсыну жөнінде ішкі істер министрі Қ. Қасымов баяндады.
ІІМ мәліметіне сәйкес, жалпы республика бойынша 50 елді мекенде 1500-ден астам үйді су басқан. 3800-ден астам адам көшірілді. Су тасқынының себептері — күннің жылдам жылынуы мен жауын-шашынның нормасынан 3 есеге артық жаууы. Қабылданған шаралардың арқасында судан 1100 үй босатылды, 2700-ден астам адам үйлеріне оралды.
«Шығыс Қазақстан облысында күрделі жағдай орын алды. Бүгінгі таңда ол жақта 396 үй және 185 аула су астында қалды. Осыған байланысты Семей, Аягөз, Зырянов және Шемонаихада жергілікті төтенше жағдай жариялады. Апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 1000-нан астам адам, 200 техника, 96 мотопомпа және 8 қайық жіберілді», — деді Қ. Қасымов.
Мемлекеттік материалдық қордан ШҚО-ға 8 техника мен жылжымалы электр стансасы жіберілді. Бүгінде Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да су тасқынының күрделі жағдайы орын алуда. Осы облыстарда және ШҚО-да дауылды алдын ала ескерту жағдайы жарияланды. Осыған байланысты, ішкі істер министрінің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар жедел іс-қимылдарға дайын болуы керек.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысының су тасқыны мәселелерін шешу үшін республикалық бюджеттен қосымша 2 млрд теңге бөлетінін атап өтті.
Өз кезегінде, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі су тасқынының жай-күйі туралы баяндады.
«Бүгінгі таңда Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Зырян аудандарында және Семей қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Жағдайды мен жеке бақылауыма алдым», — деді Даниал Ахметов.
Бүгінде су тасқынының қаупін жоюға 570 бірлік техника, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға 3107 адам тартылған. Зақымды анықтау үшін арнайы комиссиялар жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.