"БерӘлі" қызметкерлері жұмысқа қатысты ұсыныстардан бас тартты – ҚазМұнайГаз

0
513

10 сәуірде "БерӘлі Маңғыстау company" сервистік компаниясының қызметкерлерін жұмыстан шығаруға наразы топ Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына түнеп шыққан болатын.


ERNUR.KZ. "БерӘлі" компаниясының бұрынғы қызметкерлері түрлі талаптар қойып, жұмысқа орналастыруға қатысты ұсыныстардан екі ай бойы бас тартып отырды, деп жазады sputnik.kz.

29 мамырда "Өзенмұнайгаз" АҚ мен "Мөлдір Мұнай Сервис" ЖШС басшылығы "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС бұрынғы қызметкерлеріне жалақысын сақтай отырып, "Мөлдір Мұнай Сервис" компаниясына жұмысқа орналасу туралы ұсыныс айтылды.
Кейінірек "БерӘлі" компаниясының бұрынғы бір топ қызметкері мәлімдеме жасап, оларды жұмыспен қамту мәселесі әлі де шешілмей жатқанын, ал ұсынылған кәсіпорын өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сай келмейтінін және арнайы техникамен жабдықталмағанын айтты.
"ҚазМұнайГаз" Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мен "Өзенмұнайгаз" АҚ "Мөлдір Мұнай Сервис" компаниясына қажетті тексеріс жүргізіп жатқанын растады. Қазіргі уақытта анықталған аз-маз кемшіліктер жойылып жатыр.
Кездесуде "Кезби" ЖШС мен "Мөлдір Мұнай Сервис" ЖШС арасында "Өзенмұнайгаз" АҚ-тың 3 жылдық тендеріне қатысу үшін консорциум құру туралы келісім ұсынылды. Бұл консорциум ұңғымаларды жөндеуге арналған көтермелі агрегаттарды, арнайы техникалар мен басқа да жабдықтарды жаңарту бойынша ұзақ мерзімді жоспар әзірлеп, қабылдап жатыр.
"Бұл – "БерӘлі" қызметкерлерін жұмысқа орналастыруға қатысты алғашқы ұсыныс емес. Екі ай бойы осы секілді түрлі ұсыныстарды үнемі айтып келеміз. Алайда әр жолы түрлі талаптар қойып, олардан бас тартып отырды. Тендерлер жыл сайын өтетінін білесіздер: компаниялардың бірі тендерді ұтса, екіншілері ұтылып жатады", - арнайы жұмыс тобының жетекшісі, ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов.
Оның мәліметінше, былтырғы жылдың соңынан бастап Маңғыстау облысындағы еншілес компаниялар бойынша 192 тендер өткізілген, 57 позиция бойынша жаңа мердігер келді. Әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін бұл мекемелерге жеңілген компаниялардың 3 мыңнан астам қызметкері ауыстырылған.
"Еліміздің бірде-бір өнеркәсіп саласында мұндай жұмыс жүргізілмейді. Қиындық тек "БерӘлі" компаниясына қатысты туындап отыр. Алайда біз "БерӘлі" тендерден ұтылған кезде, бірден жұмысшыларға тендерде ұтқан компанияға бұрынғы шартпен жұмысқа орналасуды ұсынған болатынбыз", — деді ол.
Еске салайық, 10 сәуірде "БерӘлі Маңғыстау company" сервистік компаниясының қызметкерлерін жұмыстан шығаруға наразы топ Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына түнеп шыққан болатын. 11 сәуірде наразылық білдірушілермен келіссөздер басталды.