Оқушы 11 жыл бойы өзінің ағашын күтіп ұстап, оның өсіп-өнуіне мүмкіндік жасайды.
сурет:rudny.kostanay.gov.kz
ERNUR.KZ. Павлодар облысының білім басқармасы «Болашақ бағы» күзгі көшет отырғызу акциясын ұйымдастырмақ, деп жазады ҚазАқпарат.
Аталмыш шара Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен өңірде жарияланған «Экология жылы» аясындағы жұмыстарды және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Павлодар облыстық білім басқармасы хабарлады.
Басқарма мәліметтеріне қарағанда, бүгін 1-сынып оқушылары ата-аналарымен бірлесіп, облыстың барлық мектеп аумақтарында жалпы саны 11000-нан аса қылқан жапырақты және басқа да көшеттерді отырғызады.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты оқушылардың, ата-аналардың, педагогикалық ұжымның бірлескен еңбегі арқылы экологиялық мәдениет қалыптастыру болып табылады.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, мұндай шараның маңызы зор. Өйткені оқушы 11 жыл бойы өзінің ағашын күтіп ұстап, оның өсіп-өнуіне мүмкіндік жасайды. Өскенде ағаш оның оқушы кезіндегі өмірінің ескерткіші болып қалады. Балалар өздерінің қоршаған ортаға қаншалықты үлес қосқандығын мақтанышпен айтып жүреді.
Аталған іс-шара алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
Осыған дейін Павлодар облысында 8-ші сынып оқушысының «Ақылды жылыжай» ойлап тапқандығын жаздық.